Алматыда кітап фестивалі өтеді

Алматыда кітап фестивалі өтеді
Сурет: Ашық дереккөзі

Бүгінде кітап оқитындард саны артқан

Алматыда 5 қарашада KITAP FEST KIDS кітап фестивалі өтеді. Бұл туралы кітап фестивалінің бас үйлестірушiсi Майра Әлжанова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, фестиваль биыл 8-ші мәрте өткізіледі. Оның барысында қала тұрғындары мен қонақтар кітаптарды жеңілдікпен сатып алып, өзара кітап алмаса алады.

«Пандемия кезінде болмаса, фестиваль жыл сайын өтіп келеді. Шараның негізгі мақсаты – халыққа кітап оқуды кеңінен насихаттау. Екіншіден, әлі танылмаған жас жазушыларға қолдау білдіру, яғни, олардың шығармаларын халыққа ұсыну, өз оқырманын табуға көмектесу. Үшіншіден, баспагерлерді қолдау. Бұл әлемдік кітапфест қауымдастығына кіретін Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Ол барлық қатысушылар үшін тегін өтеді»,- деді Майра Әлжанова.

Спикердің сөзінше, фестиваль биыл балаларға арналады.

«Биылғы жыл Президенттің бастамасымен Балалар жылы аталды. Сол себепті биылғы кітап фестивалі «KITAP FEST KIDS» деген атаумен өтеді. Балалар үшін қызықты шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, фестиваль тек балаларға ғана емес, ересектерге де қызықты болады. Олар белгілі қазақстандық жазушылармен, жас жазушылармен кездеседі, кейінгі жылдары жаңадан басылып шыққан кітаптардың тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар блогерлер жастарға өз тәжірибелерімен бөліседі. Ең бастысы, фестивальде үлкен кітап жәрмеңкесі өтеді. Онда «Меломан», «Квит», «Эрудит», «Мама почитай», «Қазына» секілді ірі кітап дүкендері өз кітаптарын 20% жеңілдікпен ұсынады», - деді спикер.

Майра Әлжанова атап өткендей, қазіргі таңда қазақ тіліне аударылған шетелдік әдебиеттерді оқырман жақсы қабылдаған.

«Қазір еліміз жазушыларының кітаптарымен қатар, шет ел әдебиетін қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарып жатқан баспа үйлері бар. Мысалы, «Qasym», «Steppe & WORLD Publishing» , «Abay Books», «Meloman Publishing «, басқа да баспа үйлері бар. Олар қазақ тіліне шетелдік әдебиеттерді, атап айтқанда, «Дисней» ертегілерін, Гарри Поттердің 7 томдығын және өзге де кітаптарды аударып, шығарды. Негізі, ТМД елдеріне шетел әдебиеттері Ресей арқылы орыс тілінде тарайды. Оларды қазақ баспа үйлері ана тілімізге аударады. Бұл – қуанарлық жағдай",- деді ол.

Бүгінгі күні кітап оқитындардың саны артқаны атап өтілді.

«2014 жылмен салыстырғанда, қазір кітап оқитындардың саны артты. Себебі, фестивальге алғашқы жылдары 500-1000 адам келсе, соңғы кітап фестиваліне 10 мыңға дейін адам қатысты. Яғни, қазір кітапсүйер оқырман көбейіп келеді. Сондай-ақ қазір кітап дүкендерінде көп жастарды көресіз»,- деді спикер.

Ол сондай-ақ шетелде қазақтың классик ақын-жазушыларының еңбектері шет тілдерге аударылып, сатылатынын жеткізді.