Алматыда қылмыс саны төмендеген

Алматыда қылмыс саны төмендеген
Сурет: Inform.kz

Мұндай көрсеткіш 2022 жылдың қорытындысына сәйкес шығарылып отыр. 

Егер бірінші тоқсанда күн сайын орта есеппен 120 қылмыс жасалса, желтоқсан айының соңында бұл көрсеткіш 60-қа дейін төмендеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Қаладағы қылмысты азайту үшін қосымша шаралар қабылдаудамыз. Криминогендік жағдайды талдауға сәйкес, полицияның жекелеген модульдік посттары құқық бұзушылықтар көп орын алатын жерлерге көшірілді. Сондай-ақ қала жолдарында және аулаларында алдын алу шаралары күшейтіліп, жаяу патрульдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күштер мен құралдарды маневрлеу криминогендік жағдайды талдауды ескере отырып, жедел жүзеге асырылады. Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған және жоғалған қаруларды іздеу жұмыстарын жалғастырудамыз. Жалпы, Алматы полициясының жеке құрамы шаһардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қаладағы қылмысты азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Біз өз алдымызға қала тұрғындарын қауіпсіздік сезімімен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Бұл міндетті қоғаммен бірлесе отырып, атқара аламыз», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы полициясы қарақшылық шабуыл, тонау, бөтен адамдардың көліктерін ұрлау, пәтер тонау, қоғамдық орындарда автокөліктер мен жеке мүліктерді ұрлаумен айналысқан 307 қылмыстық топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Сондай-ақ, 638 ұрлықты жасағаны дәлелденген 391 ұры ұсталды.