Алматыда Халықаралық джаз фестивалі басталды

Алматыда Халықаралық джаз фестивалі басталды
Сурет: Jazzpeople.ru

Джазды бағалайтындар көбейген.

Алматыда Халықаралық джаз фестивалі басталды. 24 сәуірге дейін жалғасатын мәдени шараға Израиль, Франция, Венгрияның және отандық джаз жанрының музыканттары қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv.

Мәселен, алғашқы күнгі концерт шымылдығы Израиль өнерпаздарының орындауындағы туындымен ашылды. Сахнада джазсүйер қауым арасында кеңінен танымал Guy Mintus триосы өнер көрсетіп, көрерменді ерекше күйге бөледі. Айта кету керек, топ орындаған шығармалар түрік мақамы, үнді стилінде бір-біріне ұқсамайды.

«Қазақстанда алғаш рет 3 жыл бұрын өнер көрсеттім. Мұндағы аудитория қатты ұнайды. Жылда келуге дайынбыз. Бүгін классикалық джаз әуенін орындаймыз. Сондай-ақ джазға икемделген композиция ұсынылады», – деді  «Guy Mintus» триосының көшбасшысы Гай Минтус.

Джаз жанры - елімізде кенже дамып келе жатқан өнер түрі. Іс-шараның мақсаты –  ел арасында, әсіресе, жастарға осы музыка бағытын кеңінен тарату, насихаттау. Фестиваль барысында шетелдік тәжірибелі музыканттар Алматы джаз мектебіндегі оқушыларға арнап шеберлік сағатын өткізбек. Ұйымдастырушылар 20 жылдың ішінде жұрттың джазға деген қызығушылығы артқанын айтады.

«Иә, алғашқы жылдармен салыстырғанда джазды бағалайтындар көбейген. Қол шапалақтап, бізбен бірге өнер көрсетеді. Барынша еркін тамашалайды. Пандемия кесірінен фестиваль бірнеше жыл қатарынан өтпей қалды. Шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Алматы әкімдігіне рахмет», – деді «Алматы джаз мерекесі» фестивалінің ұйымдастырушысы Тагир Зарипов.