Алматыда халықаралық деңгейдегі 35 ірі спорттық шараны өткізуге 1,8 млрд теңге жоспарланған

Алматыда халықаралық деңгейдегі 35 ірі спорттық шараны өткізуге 1,8 млрд теңге жоспарланған
Сурет: tn-dv.ru

Спортпен тұрақты айналысатын алматылықтардың үлесін 2025 жылға қарай 40%-ке дейін көбейту көзделіп отыр. 

Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларда тұрғындардың салауатты өмір салтының негізгі құрамдас бөлігі ретінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев Алматының қаласының 2023-2025 жылдарға арналған  бюджет жобасын қарау барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Бағдарлама шеңберінде дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын алматылықтардың үлесін 2025 жылға қарай 40%-ға дейін көбейту, сондай-ақ 2025 жылға қарай спорттық инфрақұрылым алаңдарын 55 мың шаршы метрге ұлғайту жоспарланған. 

«Мәселен, биыл жалпы ауданы 14,3 мың шаршы метр болатын 3 спорт кешені іске қосылды. 2023 жылы тағы 3-еуін салу және үш ауданда спорт кешендерінің жобалау-сметалық құжаттамаларын (500 млн. теңге) әзірлеу жоспарлануда», - деді Ерболат Досаев. 

Әкімнің айтуынша, көшедегі спорттық инфрақұрылымды дамыту аясында: мобильді скалодромдар мен скейтпарктер, стритбол, воркаут алаңдары, Ореn Аir фитнес және ВМХ трассалары салынады. Осыларға 790 млн. теңге қарастырылған. 

«Келесі жылдан бастап командалық спорт түрлерінен (футбол, баскетбол, волейбол және т.б.) студенттер мен мектеп лигаларын құрамыз.Осы шаралардың барлығы халықтың спортпен шұғылдану деңгейін арттыруға және жабық спорт объектілерінің тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді»,- деді Ерболат Досаев.