Алматыда «Халық қатысатын бюджет – 2023» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталды

Алматыда «Халық қатысатын бюджет – 2023» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталды
Сурет: Ernur.kz

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен қалалық ортаны дамыту бойынша өтінімдерді қабылдау басталды.

30 наурызды қоса алғанда budget.open-almaty.kz интернет-портал арқылы қала тұрғындары өз ауданын (шағын аудан, аула және т.б.) абаттандыру бойынша жобалық ұсыныстарын бере алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жобаның критерийлері мен талаптарына сәйкес келетін, сондай-ақ дауыс беру кезеңінде Алматы тұрғындарының ең көп дауыс жинаған идеялары мен бастамаларын әкімдік ағымдағы 2023 жылы іске асыратын болады. "Халық қатысатын бюджет" жобасын қаржыландырудың қосымша сомасы 7 млрд теңгені құрайды.

Жобалық ұсыныстар мынадай 9 санат бойынша қабылданады: көгалдандыру; тротуарларды жайластыру; тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу; Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтарды, скверлерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, көшелерді және өзге де объектілерді) құру, жөндеу және жарықтандыру; бордюрлерді, төсеніштерді, тіреу қабырғаларын жөндеу; полигондарды жою; балалар ойындары мен ересек тұрғындардың демалысына арналған  орындықтарды, урналарды, жабдықтар мен конструкцияларды жалпы пайдаланылатын орындарға орнату және жөндеу; спорт алаңдарын (тренажер алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), аула аумақтарында және жалпы пайдаланылатын орындарда балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру; санитарияны қамтамасыз ету.

Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz. порталы арқылы қабылданады, ол үшін өтінімді (жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, мекен-жайы/орналасқан жері) толтырып, жобалық ұсыныстың бағдарлы фотосуретін/нобайын/схемасын және сметасын тіркеу қажет (интернеттен немесе кез келген басқа ашық көздерден үлгі нобайларға немесе есептеулерге жол беріледі). Бір жобалық ұсыныстың ең жоғары құны 86,2 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауға тиіс.

Барлық өтінімдер қабылданғаннан кейін, әрбір аудан әкімдігі жанынан мәслихат депутаттарының, Алматы қаласының қоғамдық кеңес мүшелерінің, сәулетшілердің, құрылыс саласындағы мамандардың қатысуымен сараптамалық кеңестер құрылады. Бағалау барысында ұсыныстар дауыс беруге жіберілуі, пысықтауға жіберілуі немесе жобаларды іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбауы мүмкін. Әрбір жоба бойынша ақпарат алдын ала рұқсат беру хаттамаларында көрсетіледі және аудандық әкімдіктер budget.open-almaty.kz. порталында жариялайды. Пысықтау қажет болған жағдайда, ұсыныс авторына электрондық поштаға хабарлама жіберіледі. Бұдан әрі, авторлар пысықтаған ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша аудан әкімдіктері budget.open-almaty.kz  порталында рұқсат хаттамаларын жариялайды.

Жобаға қатысушылардың ыңғайлылығы үшін порталда "Дауыс беру" бөлімінде онлайн-дауыс беру қолжетімді, онда Сізге өзіңізге ұнаған 3-тен аспайтын жобалық ұсыныстарды таңдап, ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) көмегімен өз дауысыңызды растауға болады. Келесі кезеңде аудан әкімдігі дауыс беру қорытындыларының хаттамасын қалыптастырып, порталда орналастырады, онда жіберілген жобалардың саны және әрбір жоба бойынша дауыс берген азаматтардың саны туралы толық ақпаратты көрсетеді. Осыдан кейін бюджеттік заңнамаға сәйкес жобалық ұсыныстарды іске асыру бойынша бюджеттік өтінімдер қалыптастырылады.

Аудандық әкімдіктер жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы және қорытындылары туралы ақпаратты budget.open-almaty.kz  порталындағы "Жобалар бойынша материалдар" бөлімінде орналастырады.

Жобалық ұсыныс критерийлері:

  • бір автор – бір өтінім – бір жоба;
  • нысан қол жетімділікті шектемей, жалпы пайдалануда болуы керек;
  • объектінің орналасқан жері оны іске асыру жоспарланған аудан аумағында, жалпы пайдалану учаскесінде болуы тиіс;
  • әкімдік құзыреті шегінде болуы міндетті;
  • Алматы тұрғындары үшін өзектілігі.

Жобалық ұсыныстар қабылданбайды, егер:

  • құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізбестен, тек жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге есептелсе;
  • болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етсе;
  • Алматының даму басымдықтарына сәйкес келмесе;
  • жеке коммерциялық сипатқа ие болса және т. б.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы "Халық қатысатын  бюджет" жобасы бесінші рет жүзеге асырылуда. Алматыда алғаш рет ол 2019 жылдың тамызында іске қосылды. 2022 жылы 1251 ұсыныс келіп түсті, оның 205-і 2023 жылы іске асыруға мақұлданды, жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрайды. 2022 жылдың ең қызықты жобаларының ішінде мыналарды атап өткен жөн:

  • Алматы қаласы Жетісу ауданы, Черновицкая көшесіндегі Есентай өзенінің бойындағы жағалауды жайластыру.
  • Алмалы ауданындағы Бөгенбай батыр бульварын абаттандыру (Шариповодан Байтұрсыновқа дейін).
  • Медеу ауданындағы Қадамдарды ағымдағы жөндеу Керей Жәнібек хандар көшесі, 29.
  • Медеу ауданындағы Тиксай өзенінің жағалауын абаттандыру.

Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын іске асыруға 2023 жылы қосымша 7 млрд теңге бөлінетінін хабарлады. Бұл шешім осы бағдарламаның тиімділігін ескере отырып қабылданды. Қосымша қаражат қаланың сегіз ауданына бөлінеді. Жалпы, қаржыландыру 1,8 есеге ұлғайтылады.

"Халық қатысатын бюджет" бойынша консультацияны Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен 224 39 29 (ішкі.203), 1308 алуға болады.