Алматыда хабар-ошарсыз кеткен кішкентай қыз аман табылды

Алматыда хабар-ошарсыз кеткен кішкентай қыз аман табылды
Сурет: Inform.kz

Бала аман-есен ата-анасына табысталды.

Алматы полициясы жоғалып кеткен 8 жастағы Белла Миронованың табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Оқушы қыз Бостандық ауданы аумағынан аман-есен табылды. Ол қыдырып жүрген. Оның мектеп сөмкесі мектеп жанындағы тұрғын үйдің ауласынан табылды. Баланы аман-есен ата-анасына табыстадық», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 Айта кетейік, оқушы қыздың жоғалғаны туралы ақпарат WhatsApp желісі арқылы тарап жатыр.

Хабарламада кішкентай қыздың №34 орта мектепте оқитыны жазылған.

26 сәуір күні белгісіз бағытта кеткен қыздың ата-анасы полицияға жүгінген.

Оқушыны іздеуге учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, жедел уәкілдер мен басқа да қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды.