Алматыда қатты аяз болады

Алматыда қатты аяз болады
Суреттерді түсірген - Самат

Мамандар қала тұрғындарына ауа райына байланысты кеңес берді.

 

Ауа райын зерттеушілердің болжамы бойынша, алдағы күндері екі тәулік бойы Алматыда қалың қар жауып, ауа температурасы түнде 18, күндіз 15 градусқа дейін төмендеп, аяз болады деп күтілуде. Синоптиктер одан кейінгі күндері 25 градусқа дейінгі қатты аяз болатынын ескертіп жатыр. 

Осыған орай кеше Әлеуметтік қызметтер үйінде Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары журналистерге арнап сұхбат берді. Онда алдағы күндердегі күн райының суытуына байланысты қалада атқарылатын жұмыстар туралы айтылды.  

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көріктендіру бөлімінің басшысы Айдын Қалабаевтың айтуынша, бүгінде қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жасап, өндірістік базаларда тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Өткен жылы қыста қала бойынша 45 мың текше метр қар шығарылған. Ал биыл 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін 62 мың текше метр қар қала сыртына жөнелтілді. Сала мамандары күн суытқан кезде алматылықтарға мейлінше жылы киініп жүруіне, ал автокөлік тізгіндегендерге жылдамдықты барынша азайтып, асқан сақтықпен көлік жүргізуге кеңес берді. Сонымен қатар, қаланы қардан тазалау кезінде жол жұмысшыларының еңбегіне құрметпен қарап, олардың жұмысына кедергі келтірмеулерін сұрады. 

– Алдағы күндері қалада екі күн бойы қалың қар жауып, ауа райы күрт суытады деп күтілуде. Осыған орай қала жолдарында жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайтуға кеңес береміз. Ал жаяу жүргіншілерді тротуарлармен жүргенде абай болуларын сұраймыз. Жұмысқа кешігудің алдын алу үшін үйіңізден ертерек әрі жылы киініп шыққандарыңыз дұрыс, - деді Айдын Айдарұлы.

 

Қар тазалау жұмыстары қалай жүргізіледі?

Журналистердің қойған сауалына Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы Сергей Викторов жауап берді: 

–  Қар тазалау технологиясы бойынша тазалық жұмыстары басталмас бұрын, алдымен көшелерге көктайғаққа қарсы арнайы техникалық тұз қоспалары себіледі. Бұл жұмыстар қардың асфальт жабынына жабысып, қатып қалмауы үшін жүргізіледі. Сондықтан қар жауа бастаған кезде, «Гидрометтің» ескертпелеріне сәйкес, белгіленген орындарда тұз, құм секілді қоспа себетін арнайы техникалар алдын ала дайын тұрады. Әр техника өзіне белгіленген бағыт бойынша жұмыс жасайды. Арнайы қоспалар себілгеннен кейін жолдардағы қарлар ери бастайды.  Міне, осы кезде көшелердегі тазалық жұмыстары басталады. Кейде қала тұрғындарынан көшелер қардан тазаланбай жатыр деп көп шағым түсіп жатады. Қар тазалау оңай жұмыс емес. Сондықтан біз алматылықтардан жұмысшыларға мейлінше түсіністікпен қарауды сұраймыз, - дейді ол.

Бас маманның айтуынша, егер қар қалың жауса, қоспаларды себу жұмыстары әр 5 минут сайын қайталанады. Жұмысшылар қарларды алдымен сыпырып, көше бойларына үйіп шығады. Содан кейін барып қана арнайы техникаларға тиеліп, қала сыртына шығарылады. Жалпы, қаланың коммуналдық қызметтері мегаполисті қардан тазалауға арналған техникамен толық қамтамасыз етілген. Бас маман егер қалада қар шамадан тыс жауатын болса, құрылыс компаниялардың көмегіне жүгінеміз дейді. Айтуынша, құрылыс компанияларының көліктері қыс кезінде көбінесе бос тұрады. Сол себепті олар бізге 150-ге жуық самосвал, 100-ге жуық жұмысшыларымен көмектесуге дайын. Арнайы келісімшартқа отырған.

Сала мамандарының айтуынша, Алматыда қар тазалау жұмыстарымен 10 мердігер компания айналысады. 969 арнайы техника мен 1400 жол жұмысшысы бар. Әдетте олар күндіз және түнгі уақытта екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Бірақ, қазіргі жағдайға байланысты тәулік бойы жүргізілетін жұмыс кестесіне ауыстырылған. 

– Ертең, бүрсігүні қалада қалың қар жауады деп күтілуде. Сондықтан тазалықшылар үшін үздіксіз жұмыс күтіп тұр. Жол жұмысшылары үшін барлық жағдай жасалған. Өндірістік база аумағында арнайы тынығатын бөлме бар. Онда жұмысшыларға арнап аспаздар ыстық тағамдар әзірлейді, - дейді С.Викторов.

Айта кетейік, аудан әкімдіктерімен басқарма мамандары бірігіп, қаланың негізгі магистралдық көшелеріндегі қарлар 3 жұмыс күні ішінде толығымен қала сыртына шығарылады. Жалпы, көктайғақтың алдын алу мақсатында коммуналдық қызметтер жолдарды қардан тазартуға 969 техника (оның ішінде құмшашқыш, самсосвал) мен 1400 жол жұмысшысы жұмылдырылады. 

Айта кетейік, Алматыда соңғы рет қалың қар 2016 жылы жауыпты.