Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім азайды

Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім азайды
Сурет: Ашық дереккөз

Өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіші 11,9%-ға төмендеген

Алматы қаласында онкологиялық науқастарды мамандандырылған емдеумен жоғары қамту, сондай-ақ қатерлі ауруларды ерте диагностикалаудың артуы арқасында онкологиялық аурулардан өлім-жітім жыл сайын азайып келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткішінің 11,9%-ға (96 жағдайға) төмендеуі байқалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Өлім көрсеткіштері бойынша алғашқы бестік келесідей: 1-орында – өкпе ісігі, 211 жағдай; 2-орында – тоқ ішек обыры, 172 жағдай; 3-орында – асқазан ісігі, 155 жағдай; 4-орында – сүт безі обыры, 139 жағдай және 5-орында – ұйқы безінің обыры, 90 жағдай.

Алматыға науқастар Қазақстанның басқа аймақтарынан және көршілес елдерден Алматы онкологиялық орталығында жоғары сапалы медициналық көмек алу және үздіксіз толыққанды дәрі-дәрмек (химиотерапия) алу үшін келетінін ескеру керек. Бұл өлім-жітім деңгейіне де әсер ететіні сөзсіз.

Өткен жылдың өзінде мегаполиске 954 науқас келсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 803 болған. Бұл сырттан келген науқастар санының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Соның ішінде әрбір төртінші науқас, аурудың асқынған сатысымен келген (254 науқас).

Аталған онкологиялық науқастарды емдеу қаланың денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығыны болып табылатыны сөзсіз және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қосымша қаржыландыруды талап етеді.