Алматыда катализатор ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Алматыда катализатор ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Сурет: Инстаграм

Күдіктілер соңғы рет 5 маусымда Алматының Медеу ауданында ұрлық жасаған.

Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, Алматыда катализатор ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Топ 1998, 1999 және 2000 жылы туған жастардан тұрған. Күдіктілер соңғы рет 5 маусымда Алматының Медеу ауданында ұрлық жасаған.

Күдіктілер тұрғын үй ауласындағы «Тойота Прадо» автокөлігінен катализаторы бар глушительді толығымен шешіп алып, сол арқылы 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. 5 маусымда жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталды.

Ұсталғандар қылмыстарын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың қаланың Түрксіб, Бостандық, Әуезов аудандарында осыған ұқсас 9 қылмыс жасауға қатысы бар екені дәлелденді.

Ұрланған бөлшектерді қабылдап, сатып алып отырған ер адам да анықталып, ұсталды.

«Ол көліктердің катализаторларын бөлшектелген күйінде алғанын, содан кейін металдың құрамы мен құнын анықтайтын арнайы анализатор арқылы бағалау жүргізілгенін айтты. Содан кейін катализаторларды тапсырған адамға акт толтырылды. Заттар одан әрі зауытқа сату үшін дайындалды. Бүгінде жедел іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген жазбада.