Алматыда қаржы пирамидасының негізін қалаушылары ұсталды

Алматыда қаржы пирамидасының негізін қалаушылары ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Олар “Лазада групп” компаниясының атынан әрекет еткен.

Алматы қалалық полиция департаменті қалада қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарды ұстағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл Қытай Халық Республикасының төрт тумасы, олардың екеуі қандас мәртебесімен Қазақстан азаматтығын алған, тағы екеуінің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар.

«Күдіктілер қамауға алынды. Басты тұлға – 26 жастағы Д.есімді азаматша уақытша ұстау изоляторына қамалды. Топтың басқа мүшелерінің қылмысқа қатысы мен рөлі тергеу барысында анықталатын болады. Қаскөйлер келесідей тізбек бойынша әрекет етті: “Лазада групп” компаниясының атынан әрекет ете отырып, олар интернетте капиталды ұлғайту мүмкіндігі туралы хабарландыру жариялады және азаматтарға криптовалютаға салым салуды ұсынды. Аңғал адамдар көп болып шықты: күмәнді жобаға кейбіреулері миллиондаған теңге салған. Шын мәнінде, “кәсіпті” ұйымдастырушылар дивиденд төлеуді ойламаған да, олар бастапқыдан-ақ халықты алдауды мақсат еткен. Зардап шеккендер аудандық полиция басқармаларына жүгіне бастады», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов. 

Күдіктілерді қаланың криминалдық полициясының, сондай-ақ Наурызбай және Алмалы аудандық полиция басқармаларының қызметкерлері "Ақкент" шағынауданындағы пәтерлердің бірінде ұстады. Мәселе үш қыз бен бір жас жігіт туралы болып отыр. Топтың ең үлкен мүшесі 26-да, алдын ала мәлімет бойынша, ол жетекші, ең жасы небәрі 20 жаста.  

«Жедел тергеу тобы күдіктілердің үйлерін тексеру барысында әртүрлі адамның атына ашылған 60-тан астам банк картасын, төрт ұялы телефонды, sim-карта мен ноутбуктарды тәркіледі. Маңызды деталь: жалға алынған пәтерден банктік карта шоттары мен құпия сөздері бар бес дәптер де табылды. Қазіргі уақытта бірқатар қылмыстарға қатысы бар басқа да адамдарды анықтау және ұстауға бағытталған кешенді жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Аханов.