Алматыда қар көшкіні қаупіне байланысты тау курортының бірі жабылды

Алматыда қар көшкіні қаупіне байланысты тау курортының бірі жабылды
сурет: inbusiness.kz

26-28 наурыз аралығында қар көшкіні қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Алматы қаласының таулы жерлерінде 28 наурызға дейін қар көшкіні жүруі ықтимал, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті 26 наурыздағы №10 дауылды ескертуі негізінде Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі жылымықтың әсері мен қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты 26-28 наурыз аралығында қар көшкін қаупі жоғары деңгейде сақталатынын мәлімдеді.

Қалалық ТЖД-ның мәліметінше, жыл басынан бері жалпы көлемі 62 мың текше метрден асатын қар көшкіні өздігінен 60-тан астам рет жүрген. Зардап шеккендер болған жоқ.

Медеу ауданының төтенше жағдайлар басқармасы мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері бірлесіп, «Пионер» тау курорты аумағында мониторинг жүргізді. Қазіргі уақытта қар көшкіні қаупі себебінен тау курорты жабық. Әкімшілігіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, демалушылар мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Іле Алатауы ұлттық паркінде (Алмарасан, Аюсай) көшкін қаупі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылып жатыр. Блок-бекеттері қойылып, «Қазселденқорғау» қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды, - деп хабарлады қалалық ТЖД-дан.

Алматы қаласы ТЖД мен «Қазселденқорғау» мекемесі тұрғындарды таулы жерлерге бармауға, қар көшкінін болдырмас үшін қарлы беткейлерге шықпауға шақырады.