Алматыда қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздарды еске алды

Алматыда қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздарды еске алды
Cурет: Almaty-akshamy.kz

5 қаңтарда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаздар Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровты еске алуға арналған «Мәңгілі сапта» бір күндік акциясы өткізілді. Іс-шара бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Іс-шараны ашқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Бекайдар Қаскеев ел ішін есеңгіретіп тастаған қайғылы қаңтар оқиғасына тоқталып, қаза болған "ұландық" батырлардың көзсіз ерліктерін үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған ТжӘҚЖ басқармасының бастығы, полковник Атабек Салихбаев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша әскери борышын өтеу кезінде қаза болған "ұландық" жауынгерлер Мадияр мен Айбаттың ерліктері туралы баяндама жасады.

Іс-шара соңында әскери қызметшілерге екі жауынгер туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмде "ұландық" батырлардың ата-аналары, ұстаздары, достары және командирлері олардың өмірлері туралы айтқан естеліктері бейнеленген. Фильмді қараған әскери қызметшілер еріксіз көздеріне жас алды. 

Айта кетейік, қаңтардағы қақтығыста «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері орны толмас шығынға ұшырады. Қатардағы жауынгерлер Қайсаров Мадияр Оразалыұлы, Аманов Айбат Ерболұлы ерлікпен қаза тапты, олардың есімі әскери бөлімдердің тізіміне мәңгілікке енгізілді. Аталған жауынгерлер, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен (қайтыс болғаннан кейін) ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен награтталды.

Конституциялық борыштарын қамтамасыз ету кезінде ерлікпен қаза болған Ұлттық ұланның сарбаздары мәңгілік жадымызда!