Алматыда қаланы дамыту жоспарлары талқыланды

Алматыда қаланы дамыту жоспарлары талқыланды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Кездесуге Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің бастамасы бойынша қала басшысы Ерболат Досаевтың қатысуымен 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар жобасы талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы әкімі өзінің сөзінде ағымдағы сыртқы және ішкі сын-қатерлер алдағы жылдарға арналған жоспарларды елеулі түзетуді талап ететінін атап өтті. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Алматыны дамыту орталығы мен түрлі салалардағы 40-тан астам тәуелсіз сарапшылар біздің қаржылық және өзге де мүмкіндіктерімізді ескере отырып, Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды және сонымен қатар қол жеткізуге болатын мақсаттарын таңдады.

Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар жобасы 27 маусым мен 1 шілде аралығында жалпы талқылауда болды. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары 1280 ұсыныстар мен түсініктемелер жіберді.

«Қала тұрғындарымен талқылаудан кейін біз анықтаған ұсыныстар мен толықтырулар қаланың 2025 жылға дейінгі даму жоспарын және оның 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын әзірлеу кезінде ескерілетін болады. Біздің басты мақсатымыз – мегаполистің барлық тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, жайлы, инклюзивті және қауіпсіз қалалық ортаны құру. Мақсаттар мен міндеттер қалалықтардың сұраныстарына негізделе отырып, нақты және түсінікті KPI түрінде қалыптасты», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Кездесу барысында Алматы әкімі қаланың негізгі сын-тегеуріндері мен проблемалық мәселелеріне тоқталып, алдағы жылдарға арналған негізгі мақсаттар мен міндеттерді ұсынды, сондай-ақ қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

«Енді біздің алдымызда өзге бір үлкен міндет тұр – бұл идеялардың барлығын жүзеге асыру, алматылықтар алдындағы міндеттемелерді жаңа экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайда орындау. Осы ұсыныстар мен сіздердің идеяларыңыздың барлығын тиімді іске асыру Жаңа Қазақстанды дамытудың кепілі болады деп есептеймін, миұндағы басты мақсат біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасын әрі олардың әл-ауқат деңгейін арттыру болып табылады» - деді Ерболат Досаев.

Алматы қаласын дамыту жоспары келесі 2 ай ішінде – ағымдағы жылдың 5 қыркүйегіне дейін бекітілетін болады.

Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар жобасы танысу үшін Алматы Даму орталығының сайтында қолжетімді.