Алматыда IV халықаралық AMEN анимациялық фильмдер фестивалі басталды

Алматыда IV халықаралық AMEN анимациялық фильмдер фестивалі басталды
Cурет: 24.kz

Дәстүрлі шара аясында 50-ге тарта туынды сарапқа салынады.

Биыл фестивальға әлемнің 15 мемлекетінен аниматор мамандар келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

"Олардың қатарында  «Бекзат», «Батыр ұшқыштар», «Тентектер» атты отандық анимациялық фильмдер де бар. Қазақ анимация өнерінің аяқалысы қуантады, мамандардың да әлеуеті жоғары", - дейді сарапшылар.

Фестиваль аясында Польша, Франция, Грузия, Испания, Өзбекстан, Қытай, Әзірбайжан, Ресей және Қазақстанның аниматорлары түсірген туындыларды Константин Бронзит басқаратын білікті қазылар алқасы таразылайды. Фестиваль Мейіржан Сандыбайдың «Шырақ» қысқаметражды анимациялық фильмімен ашылды.

Айта кетейік, биыл қазақ анимация өнеріне - 55 жыл. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш қазақ мультфильмі 1967 жылы экранға шыққан болатын.

«Тоғыз номинация бар. Биылғы жылы гран-придан бастап "Үздік сценарий", "Үздік көркемдік шешім", "Үздік фильм", "Үздік сериал", "Үздік студенттік жұмыс" деген сияқты аталымдар бар. Біз биыл екі бірдей жаңа сыйлықты тағайындадық. Ол Әмен Хайдардың атындағы арнайы сыйлық және осы фестивальді ұйымдастырып жатқан қауымдастықтың арнайы сыйлығы», - деді Аmen анимациялық фильмдер фестивалінің тең президенті Адай Әбелдинов.

«Талантты жастар, талантты студиялар бар. Америкадан, Еуропадан заказ алып істеп жатқан, Жапония, Ресейдің де анимациялық фильмдерінің жасалуына атсалысып жатқан талантты жастарды жақсы білеміз. Солардың ішінде өзімнің шәкірттерім де, студенттерім де бар. Бұл Қазақстандағы анимациялық кино саласы мамандарының қабілетінің де, талантының да жеткілікті екенін көрсетеді», - деді «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оразалы.