Алматыда «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі өз мәресіне жетті

Алматыда «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі өз мәресіне жетті
Сурет: Самат Құсайынов

Бір аптаға созылған фестивальге көрермен ықыласы ерекше болды

Ару қала Алматыда II халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойына арналған бұл фестивальге 6 театр ұжымы қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жазушының мерейлі мерейтойына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қаламгер шығармашылығына ерекше ықыласын білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев оқып берді.  Онда: «Құрметті Дулат Исабекұлы! Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қазақ әдебиетінің көш керуені ілгері басуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер ретінде жақсы біледі және қадірлейді. Сіздің қаламыңыздан шыққан тартымды туындылар ұлттық рухани мәдени қазынамызды байыта түсті. Шынай өмірді арқау еткен шығармаларыңыз негізінде түсірілген көркем фильмдер талғамы биік көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Қазақ драматургиясының өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз де өте мол. Заманның тыныс-тіршілігін айшықтап көрсете білген пьесаларыңыз еліміз бен әлем театрларының сахналарында тұрақты қойылып келеді. Әрдайым өнегелі өмір жолыңызбен кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, қолға алған істеріңіз сәтті жүзеге аса беруіне тілектестік білдіремін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін», делінген. 

Фестиваль барысында Түркия, Грузия, Австралия және еліміздің республикалық, облыстық театр ұжымдары жазушы шығармалары бойынша қойылған спектакльдерді сахналаудан өзара сайысқа түскен болатын.  Бір аптаға созылған фестивальге көрермен ықыласы ерекше болды. Өнер ұжымдары жазушының «Бөрте», «Актриса», «Жүз жылдық махаббат» және «Мұрагерлер» сынды туындыларын сахналады. Аталған сала майталмандарының сөзінше, қазақ драматургінің еңбегіне шетелдіктердің қызығушылық танытуы бекер емес.