Алматыда интернет-алаяқтық көбейген

Алматыда интернет-алаяқтық көбейген
Сурет:Azattyq Rýhy

Полиция департаментінде ақпараттық технологияларды меңгерген арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жедел тергеу тобының негізгі міндеті - аталған санаттағы қылмыстық істерді ашу, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қылмыстық құқықбұзушылықтарды талдау жұмыстары Алматыда интернет-алаяқтықтың саны екі есеге артқанын көрсетті.

«IT технологиялар саласындағы қылмысқа қатысты мәселелер өзекті болып қалуда. Бүгінде қылмыскерлер өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарына жету үшін әлеуметтік желілерді, сондай-ақ интернет кеңістігін белсенді түрде пайдалануда», - дейді Алматының бас полицейі Қанат Таймерденов.

Осындай қылмыс түрлерін ашумен айналысатын полиция департаментінде ақпараттық технологияларды меңгерген арнайы жұмыс тобы құрылды. Жедел-тергеу тобының негізгі міндеті - аталған санаттағы қылмыстық істерді ашу.

«Біз алаяқтық жарнамалары бар интернет-сайттарды анықтау бойынша жұмысымызды жетілдірдік. Олар «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталады. Барлығы 1,5 мың осыған ұқсас ресурс бұғатталды. Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері, олардың алдын алу жолдары туралы ақпараттар бар әлеуметтік роликтер кеңінен таратылуда», – деді Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ, Алматы қаласының бас полицейі қабылданған шаралардың нәтижесінде бірінші тоқсанда интернет-алаяқтықтың 45%-ға азайып, оның ашылу көрсеткіші 17%-ға жақсарғанын атап өтті.