Алматыда инсультке шалдыққан бір мыңнан астам адам оңалтудан өтті

Алматыда инсультке шалдыққан бір мыңнан астам адам оңалтудан өтті
Сурет: pervaya.kz

Олар қалыпты өмірге оралды.

2022 жылы «Аруана» медициналық оңалту орталығында 1700-ге жуық пациент оңалтудан өтті. Оның бір мыңнан астамы – инсульт алғандар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Орталық мамандары инсульт, ауыр операциялар мен жарақаттар алған азаматтардың денсаулығын шетелдік әдістемелер көмегімен қалпына келтіріп, аяққа тұруына көмектеседі.  

Орталық директоры Шынар Мәліктің сөзіне сүйенсек, «Аруана» әлеуметтік бағыт ұстанады және мұнда пациенттерге реабилитациялық көмек ақылы түрде көрсетілмейді.

«Біз медициналық сақтандыру қорымен 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Соңғы 2 жылда клиникада 2600-ден астам адам МӘМС есебінен реабилитациялық көмек алып, қалыпты өмірге оралды», - дейді Шынар Мәлік.

Клиника реабилитацияның үшінші және екінші деңгейі бойынша қызмет көрсетеді. Соның ішінде неврология, нейрохирургия, кардиология, кардиохирургия, травматология, ортопедия сынды 6 бағыт бар. Орталықтың клиницист мамандары пациенттерді Еуропа мен Қытайдың тиімділігі дәлелденген әдістемелері негізінде емдейді.

Шынар Мәліктің айтуынша, орталық инсульт алған пациенттерді ерте оңалтуға баса мән береді. 

«Инсульт алғаннан кейінгі бастапқы үш айдың берер мүмкіндігі мол. Егер ем дұрыс болса осы уақыт ішінде пациенттің өмірін сақтап қана қоймай, ағзаның қызметі бұзылған біршама функциясын қалпына келтіруге болады. Бізде мұндай пациенттерге білікті психологтар, логопедтер, физиотерапевтер, емдік-шынығу нұсқаушылары және тағы да басқа мамандар қызмет көрсетеді», - дейді ол.

Пациенттер орталықта орта есеппен 10 күн емделеді және күн сайын денсаулықты қалпына келтіретін ем-шараларды үздіксіз алып отырады. Атап айтқанда, массаж, физиотерапия, кинезиотерапия сеанстарынан өтіп, логопед, емдік шынықтыру мамандарымен жұмыс істейді. Жаттығу залы түрлі заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Сонымен қатар, мұнда пациенттердің туыстары сырқатқа шалдыққан адамды дұрыс күтіп-баптау сырларын да үйрене алады.