Алматыда Holiday Inn Express қонақ үйі ашылды

Алматыда Holiday Inn Express қонақ үйі ашылды
almaty-akshamy.kz

Қала күні қарсаңында мегаполисте халықаралық InterContinental Hotels Group қонақ үй желісінің отелі ашылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz


Үш жұлдызды Holiday Inn Express қонақ үйі меймандарға жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді, жайлы орынды және жеке пайымды ұсынады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер де қарастырылған. Бөлмелердің қызмет көрсету сапасы мен жайлылығы IHG стандарттарына сай.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев нысанның ашылуы қаланың туристік инфрақұрылымының дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Бұл жоба мегаполистегі нөмірлік қорды 184 нөмірге арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Алматы – елге келетін туристер саны бойынша қазақстандық басқа қалалардың арасында көшбасшы. Тек осы жылдың алғашқы екі тоқсанында қалаға жарты миллионнан астам турист келді.

Кездесулер, іскерлік конференциялар өткізу үшін қонақ үйде жалпы алаңы 99 шаршы метр болатын 3 конференц-зал бар. Отель қаланың орталық бөлігінде орналасқан, метро станциялары, СОСО және саябақ аймақтары қолжетімді. Жобаға 4,3 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылды.