Алматыда FIDIC құрылыс келісімшартының түрлерін қолдану жолдары талқыланды

Алматыда FIDIC құрылыс келісімшартының түрлерін қолдану жолдары талқыланды
Сурет: Министрлік

Алматыда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бастамасымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда еліміздегі құрылыс саласында халықаралық стандарттарды, оның ішінде FIDIC құрылыс келісімшартының стандартты түрлерін қолдану мәселесі қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аталған іс-шараға отандық бизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқанын атап өткен жөн.

FIDIC проформалары – халықаралық инвестициялық құрылыс саласында нарық қатысушыларының байланысын реттеп, барлығының мүддесін тең жағдайда сақтау үшін Халықаралық инженер-консультанттар қауымдастығы әзірлеген бірегей құрылыс келісімшарттары саналады.

 «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның бас директоры Бегман Құлбаевтың айтуынша, елімізде осы саладағы өзекті мәселелерді, айталық авторлық және техникалық қадағалауды, сондай-ақ жекелеген инженерлік қызметкерлердің мәртебесін нақтылап, барлық тараптың мүддесін тең жағдайда сақтау үшін қазір жаңа Қала құрылысы кодексі әзірленіп жатыр. Бұл - егемен еліміздің тарихында құрылыс саласындағы тұңғыш кешенді заңнамалық акт.

Осы орайда BI Construction & Engineering компаниясының операциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Дархан Рахимов жаңа заң мердігер ұйымдардың да мүддесін қорғайды деген сенімде.

Құрылыстағы инженер-кеңесшілер ұлттық қауымдастығының (ҚИКҰҚ) бас директоры Ольга Кубанская айтқандай, FIDIC келісімшарттарын орынды қолдану үшін сондай үлгідегі келісімшарттармен жұмыс істейтін мамандар қолданыстағы заң мен әдеттегі нормалардың арасындағы айырмашылықты ажырата білуі тиіс. «FIDIC келісімшарттарына сәйкес жүзеге асырылатын жобалар басқарудың тың тәсілін қажет етеді», деді О.Кубанская.

Бұл ретте сарапшылар ТМД елдерінде аталған келісімшарттардың қолдану тәжірибесін одан әрі дамыту үшін шетелден FIDIC бойынша сертификатталған мамандарды тартудан бөлек, сондай-ақ жергілікті инженерлер мен жобалау менеджерлерін дайындауға көбірек көңіл бөлу керек деп санайды. Оның ішінде университеттер мен кәсіптік білім беру орындарында мамандарды сапалы даярлауға басымдық беру қажет деген ортақ пікірге келді қатысушылар.

Айта кетейік, елімізде FIDIC стандарттары бойынша қажетті кеңесті «Қазақстандық ұлттық кәсіби инженерлер мен кеңесшілер қауымдастығы» ЗТБ (КИКҚҰҚ ЗТБ) беріп келеді.