Алматыда Ескендір Хасанғалиев тұрған үйге мемориалды тақта қойылды

Алматыда Ескендір Хасанғалиев тұрған үйге мемориалды тақта қойылды
Сурет: Almaty.tv

Салтанатты іс-шараға қалалық әкімдік өкілдері мен елге белгілі өнер қайраткерлері арнайы қатысты

Алматыда белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев тұрған үйде мемориалды тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шараға қалалық әкімдік өкілдері мен елге белгілі өнер қайраткерлері арнайы қатысты. Олар әншінің қазақстандық музыка саласына қосқан үлесі мен көпке танымал әндерінің маңызын тарқатты.

«Ағамның жазған аздаған ғана әндерінің кереметтігі сондай, бір әні бір әніне ұқсамайды. Ағаның өзі жоқ болса да, мінекей, әні мәңгілік біздің қазаққа мұра болып қалып отыр», – деді Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.

Ескендір Хасанғалиев бұл үйде 24 жыл тұрған. Композитордың ұлының айтуынша, өнер мен мәдениет өкілдеріне ұя болған қара шаңырақ - қашан да ыстық.  

«Мен ойлаймын, әкемнің қазақ халқына қалдырған мол шығармашылық мұрасы, сол қазақ халқының жүрегінде мәңгілікке қалады деп ойлаймын. Ал бүгінгі күн, соның нағыз бір дәлелі ретінде санаймыз», – деді әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.