Алматыда есірткіге тәуелді 14 бала бар – маман

Алматыда есірткіге тәуелді 14 бала бар – маман
Сурет: Ашық дереккөз

1134 ересек адам ресми тіркеуде тұр

Алматыда ресми есепке есірткіге тәуелді 1134 ересек адам мен 14 бала тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында "Наркостоп" жобасының PR маманы Жанар Нұрсейітова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінгі күні Алматыда есірткіге тәуелді 14 жасөсіпірім бар. Одан бөлек, үш бала токсикоман. 1134 ересек адам ресми тіркеуде тұр. Бұлар денсаулық сақтау мекемесіне өз еркімен барып, ресми тіркелгендер ғана. Ал, нақты қарайтын болсақ, бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми санды 8-ге көбейтуді ұсынады. Сол кезде есепке алынбаған нашақорлардың саны шығады екен», - дейді Жанар Нұрсейітова.

Айтуынша, есіркіге тәуелді балалардың ата-анасы мемлекеттік медициналық орындарға барғысы келмейді, есепке алғанын қалмайды. Сол себепті жеке клиникаларды іздейді.

«Жеке орталықтарда есірткіге тәуелді адамды емдеуге бір айда шамамен 700 мың теңгеге жуық қаражат қажет болады. Есірткіге тәуелді адам қалпына келіп, күнделікті өмірге оралу үшін 4-6 ай керек. Яғни, бір адамға 5 млн теңге кетеді. Бұл соманы кез келген адамның қалтасы көтермейді. Біздің жоба арқылы 2021 жылдан бері 13 адам тегін ем-дом алды. Бұл - біз үшін үлкен жетістік», - дейді спикер.