Алматыда есірткі «қойып кетуші» қолға түсті

Алматыда есірткі «қойып кетуші» қолға түсті
Сурет: Iz.ru

Күдіктіден ұнтақ тәрізді, ерекше иісті 15 бума табылып, тәркіленді.

Алматыда есірткі «қойып кетуші» қылмыс орнында ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әуезов ауданының полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 19 жастағы У. есімді азамат ұсталды. Ол ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікке ілінді.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті біздің аудан аумағында психотроптық зат – мефедрон салынған байламдарды тығып кетіп жүргендігі анықталды. Тінту кезінде күдіктіден ерекше иісі бар, ұнтақ тәрізді 15 оқшауланған бума табылды және тәркіленді», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Күдікті өзінің барлық қозғалысын телефонындағы арнайы қосымшаға жазып отырған. Бұл –  оның «іс-әрекетінің» басты дәлелі болды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер бірқатар арнайы сараптамалар тағайындады, қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.