Алматыда еріктілер із-түзсіз жоғалып кеткен 48 адамды тапты

Алматыда еріктілер із-түзсіз жоғалып кеткен 48 адамды тапты
Cурет: Inform.kz

Із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы 106 өтініш түскен

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде із-түзсіз жоғалған 48 жан табылды. Бұл туралы Lider.kz волонтерлер қозғалысының жетекшісі Дильмира Блац мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.   

«Біз із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы 106 өтінш қабылдадық. Оның 48-і табылды. Қазір біз адамдарды іздестіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатқан жоқпыз. Тек егде жастағылар мен балаларды табуға көмектесіп жатырмыз», – деді қозғалыс жетекшісі. 

Еріктілер бірінші кезекте аурухана, полиция, мәйітханаға хабарласып, жоғалған адам туралы ақпаратты нақтылайды. Ол жақтан табылмаған жағдайда ғана аты-жөні, фотосы көрсетілген парақшаларды көшелерге іледі. 

Еріктілердің айтуынша, жоғалған адамдардың басым бөлігі қамауда. Дильмира Блац бірінші қаңтар күні жоғалып кеткен 13 жастағы жасөсіпірімді тапқандарын айтты. 

«Осыдан екі күн бұрын біздің қыз-жігіттер бірінші қаңтар күні жоғалып кеткен 13 жастағы баланы тапты. Жасөсіпірім аман-есен. Ол осы уақытқа дейін әуежай аймағында адасып жүрген», – дейді ол. 

Сондай-ақ бүгін Lider.kz волонтерлері қан тапсырып, өртеніп кеткен әкімдік ғимаратын тазалауға атсалысуда.