Алматыда «Еліміздің астанасы – ұлы дала жүрегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Алматыда «Еліміздің астанасы – ұлы дала жүрегі» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Астана күні мерекесіне арналған шаралар қаламызда басталып кетті. Солардың бірі – бүгінгі дөңгелек үстел.

 Дөңгелек үстелге тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын көрген және астананы көшіру туралы шешімді қолдап, дауыс берген тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматыда Астана күні құрметіне ҚБТУ ғимаратында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың, мемлекет қайраткерлері Амангелді Шабдарбаевтың, Ғани Қасымовтың, ҚХА мүшесі Бронислав Шин мен Ахметжан Шардиновтың, Мәжілістің экс-депутаттары Зағипа Балиева мен Нұрлан Сүлейменовтің, ҚР  Жазушылар Одағы басқармасының  төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижановтың, профессор Георгий Канның, Еңбек Ері, Халық артисі Роза Рымбаеваның, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполовтың, «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің  төрағасы Рахман Алшановтың және басқаларының қатысуымен « Еліміздің астанасы - ұлы дала жүрегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Онлайн форматта өткен осы диалогқа қатысқан алматылық жастар өкілдері еліміздің және ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының тарихы, алматылық қоғамдастықтың оның дамуына қосқан үлесі туралы терең мағлұмат алды.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров өзінің сөзінде дөңгелек үстелдің бүрын Жоғары Кеңес орналасқан ҚБТУ ғимаратында өтіп жатқанын атап өтті. Дәл осы жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұдан өзге, осы ғимаратта Жоғарғы Кеңестің отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы көшіру туралы ұсыныс жасаған болатын.

«Елбасының пікірінше, «Қазақстан – тәуелсіздік – жаңа астана» түсінігі біздің мемлекеттілігіміздің, біздің болашағымыздың біртұтас символына айналды. Біздің көпшілігіміз 1994 жылы астананы көшіру туралы мәселені қараған кезде Тұңғыш Президент осы ғимаратта Жоғарғы Кеңес депутаттарын «жаңа астана» арқылы Қазақстан тек жаңа қоғамдық-саяси ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның ірі ғылыми, мәдени және іскерлік орталығына ие болатынына сендіргенін жақсы білеміз. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз өзінің астанасы сияқты жаһандық өзгерістер мен пандемияға қарамастан сенімді түрде алға қарай дамуда», - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Кездесудің модераторы, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жоғарғы Кеңестің экс-депутаты Ахан Бижанов барша қазақстандықтарды алдағы мереке – Астана күнімен құттықтады.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Алматы - Тәуелсіздіктің бесігі» және көптеген тарихи шешімдер осында қабылданды. Менің есімде 6 шілде маңызды күн ретінде қалды, біз, Жоғарғы Кеңестің депутаттары, жазғы сессияның қорытынды отырысына келдік. Қазақстан Республикасының Президенті өз сөзінде астананы Ақмолаға геосаясат, экономика және басқа аспектілер тұрғысынан көшіру қажеттілігіне жақсы талдау жасады. Сол кездегі депутаттық корпус бұл шешімді көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болғанын уақыт көрсетті. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – біздің үлкен мақтанышымыз – үлкен ғылыми және мәдени орталық. Ол сәулет және атмосферасы жағынан әлемнің көптеген астаналарынан ерекше. Мен осы оқиғаның куәгері ретінде барлық жұртшылықты Астана күнімен құттықтаймын», - деді А. Бижанов.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы бөлім меңгерушісі Ұлықбек Есдәулет те астананың дамуы туралы жеке пікірімен бөлісті.

 

«Әр елде астана - елдің жүрегі. Нұр-Сұлтан - мемлекетіміздің жүрегі, экономикалық дамудың тірегі, еліміздің мәдени келбеті. Бұрын астана Ақмола, одан кейін Астана, ал бүгінде Нұр-Сұлтан деп аталды. Біз қаланың өскеніне, ғимараттардың бой көтергеніне, көшелердің абаттандырылғанына куәгер болдық. Біздің астанамыз – ерекше сәулет келбетінің жиынтығы, мысалы, Пирамида, Хан Шатыр және басқалары. Жазушылар одағының Нұр-Сұлтандағы филиалы да өзінің ерекшелігімен танымал, біз бұған өте қуаныштымыз. Елордадағы барлық танымал жазушыларға ескерткіштер орнатылып, аллеялар мен алаңдар ашылуда», - деді Ұ. Есдәулет.

Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов жаңа астананың қалыптасуындағы Тұңғыш Президент – Елбасының ерекше рөлін атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында зәулім қала салынғанын бәрі біледі. Нұр-Сұлтан – бүкіл елдің саяси экономикасы, рухани дамуы мен қаржылық қуаты шоғырланған Еуразиядағы жалғыз қала. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылында елорданың құрылысы – біздің жетістігіміз. Нұр-Сұлтан – Тәуелсіздігіміздің белгісі, халқымыздың ар-намысы, ұрпақтарымызға қалатын баға жетпес байлық. Ол кезде Елбасы Ақмолаға көшкенде барлық шенеуніктер оның соңынан еріп, бұл шешімді қолдады. Олардың арасында ел дамуына үлес қосқан алматылықтар көп. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында республикадағы барлық ұлттар мен халықтар біріккен, ол Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының негізін қалады», - деді Т. Есполов.

Қазақстанның мемлекет қайраткері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы Амангелді Шабдарбаев өз кезегінде 30 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласының адам танымастай өзгергенін баса айтты. А. Шабдарбаев Елбасының маңызды шешімдерінің бірі жеке валютамыз – теңгені қалыптастыру екенін атап өтті. «Ол жылдары көптеген тарихи сәттер болды, біз оған куәмыз. Біз 90-шы жылдардан бері ұзақ жолдан өттік, енді өз жетістіктерімізбен мақтана аламыз. Барлығын Астана күнімен құттықтаймын!»

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады.

«Біз жыл сайын еліміздің жетістігін атап өтеміз. Нұр-Сұлтан жаңа Тәуелсіз Қазақстанның символына айналды. Барлығымыз мемлекетіміздің одан әрі дамуы үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Біз, шығармашылық адамдар, сахнада адамдардың алдында өнер көрсете отырып, өнер арқылы – әндер немесе өлеңдер арқылы халыққа ортақ жеңістерімізді жеткіземіз», - деді ол. Біріккен күш-жігердің Қазақстанда қолайлы атмосфера құруға мүмкіндік бергенін, соның арқасында «біздің жастарымыз дамып, тек қана Қазақстанда ғана емес, әлемдік аренада елді лайықты түрде танытуда», - деді ол.

Ғани Қасымов, Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Президентінің бұрынғы кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Кеңсесінің халықаралық бөлімінің экс-басшысы, өз сөзін алматылықтардың жаңа астананың дамуына қосқан үлесіне арнады.   «Ғасырлар тоғысында ҚР-дың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің тұрақты астанасын таңдау туралы шешім қабылдады. Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласы жарық жұлдыздай жарқырауда. Мен біздің қалалықтардың астана күнін ерекше мерекелейді деп ойлаймын Алматылықтар астананы ауыстыру біздің мемлекетіміздің стратегиялық, геосаяси мүддесі деп түсінді. Алматылықтар мемлекеттік жүйенің негізгі кадрлық құрамын жасады. Олар ең тәжірибелі шенеуніктер болатын. Соның арқасында жақсы жағдайлар мен жайлы аура қалыптасты. Көптеген алматылықтар астананы дамыту үшін бірнеше жылдары мен кәсіби шеберліктерін арнады. Алматы да қазір бүкіл ел сияқты дамып келеді: барлығы халықтың игілігі үшін жасалады».

Мемлекет қайраткері, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің проректоры Зағипа Балиева да Жоғарғы Кеңестің мүшесі болды, астананы көшіру туралы шешімге дауыс берді.

«Біз үмітпен дауыс бердік. Барлығы дұрыс жасалғанын уақыт көрсетті. Стратегиялық мақсаттар жүзеге асырылды. Қала дами бастады. Біз даму жоғары қарқынмен жүріп жатқан керемет астананың куәгеріміз. Жаңа астанада маңызды саяси шешімдер қабылданды. Елбасы – бітімгерші, ол геосаяси тұрақтылықты сақтауға көп күш жұмсады», - деген З.Балиева дөңгелек үстелге қатысушы жастардың патриотизм мен азаматтық ұстанымды білім негізінде қалыптастырулары керек екендігін айтты.

Сондай-ақ, талқылауға елорданың сәулеттік келбетін қалыптастыруға үлес қосқан қоғам қайраткерлері – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Алматыинжстрой» АҚ бас директоры, Есіл өзенінің жағалауын жасаған Бронислав Шин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам қайраткері Ахметжан Шардинов, сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Кан қатысты. Олар Нұр-Сұлтанда құрылыс жұмыстары қалай жүргені туралы және әр қазақстандық бүгін мақтан ететін жаңа астананы құруға әлемдік сәулеттің қандай брендтері қатысқаны туралы әңгімеледі.

 

«Мен 1998 жылы Астанаға алғашқылардың бірі болып келгенімді мақтан тұтамын. Қазақстанның басты Туы желбірейтін жер – бұл елорда жарияланғаннан кейін салынған алғашқы нысан. Содан кейін келесі жылы ақпаннан маусымға дейін жағалауды салдық. Ал 10 маусымда Президент маған медаль тапсырды. Бірінші медалді 60-80 адам алды, мен де құрылысшы ретінде Президенттің қолынан медаль алдым», - деп Бронислав Шин өз тарихымен бөлісті.

Ахметжан Шардинов "Тәуелсіздікті алу кезеңінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы белгілеген бірінші басымдық экономикалық дамудың басым бағыты болды" деп атап өтті. Осыған байланысты көптеген зауыттар мен жұмыс орындары сақталды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Кан әр қазақстандық бүгін мақтан ететін жаңа астананы құру үшін әлемдік архитектураның қандай брендтері тартылғанын айтты. Сондай-ақ, Г. Кан жастарға сөз сөйлеп, елорда – Нұр-Сұлтан қаласында студенттердің ұзақ және ерең еңбекті және оның нәтижесін бағалай алатынын айтты.

Шара барысында «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р. Алшанов, ҚР Президенті Архивінің экс-директоры Б.Жапаров, ҚБТУ ректоры м.а. М. Ғабдуллин сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел соңында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында біздің мемлекетіміз бен астанамыздың қалай құрылғаны және салынғаны туралы айтылатынын атап өтті және жастарды осы кітапты оқуға шақырды.