Алматыда екі күнде 315 адам ревакцинация қабылдады

Алматыда екі күнде 315 адам ревакцинация қабылдады
Сурет: Еxclusive.kz

Шаһарда екі күнде 315 адам ревакцинациядан өткен

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«22 қарашадан бастап барлық қалалық емханаларда ревакцинация науқаны басталды. Бүгінде екпені медицина қызметкерлері, педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің мамандары мен контингенті, 60 жастан асқан және иммунитеті төмен адамдар ала алады», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, ревакцинация бұрын жасалған екпенің төмендеген тиімділігін қайтарады. Сонымен қатар ол қайта егу векторлық вакцина салдырған болса – 9 айдан кейін, ал белсенді емес вакциналар мен м-РНҚ вакциналар еккен болса – 6 айдан кейін жасалатынын еске салды. Нұрбол Жұмабеков егілмеген халықты вакцинаның екі компонентін алуға шақырды.

Сондай-ақ осы уақытқа дейін вакцинадан бас тартқандар үшін ол реанимацияға экскурсия жүргізуді ұсынды, онда коронавирус жұқтырған адамдар өмір үшін күресіп жатыр.

«КВИ-ге қарсы вакциналау басталғаннан бері бір жылға жуық уақыт өтті және барлық скептиктер оның арқасында аурудың таралу қарқыны тоқтағанын түсінді. «Жасыл аймаққа» ауысқанымыз – бұл вакцинация нәтижелерінің бірі», - дейді спикер.

Сөз соңында ол тұмауға қарсы иммундауды ұсынды, бірақ тұмау мен ковидке қарсы вакцинаны бір мезетте алмаған жөн, олардың арасындағы интервал кем дегенде 14 күн болуы керек.