Алматыда дизель бағасы қымбаттады

Алматыда дизель бағасы қымбаттады
Cурет: Ult.kz

Қазір қаладан дизель отынын табу қиын.

Кейбір жанармай құю бекеттері шектеп беретін болған. Құны былай тұрсын, сапасына сын айтушылар да көп. Алғашқы қар жауып, аздап күн суытып еді, дизель сыр бере бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Апта басында Алматыда күн суытты. Бірақ дәл осындай ауа райында маусымаралық дизельдің қатуын бірінші рет көріп отырмыз дейді көп жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушілері Жанармайдың қоймалжынға айналып кеткендігін жүргізушілер әлеуметтік желілерге жарыса жариялап, ашу-ызаларын білдіріп жатты. Бұған қоса, қазір қаладан дизель отынын табу қиын. Ал бағасы шарықтап тұр.

Руслан Қамболов, көлік жүргізуші: - Бұрын минус 10-15 градуста жүре беретінбіз. Қазір дала жылы, жанармай мұз болып қатып жатыр. Айтатыны жоқ. Ондайды сатпай-ақ, үйде жатқан жақсы. 1-2 жерде ғана сатып жатыр. Кеше барсақ, 70 литр, 30 литр дейді. Бірақ күнде жағып тастайтын жанармай ғой.

Диас Нұрғалиев, көлік жүргізуші: - Жанармайдың сапасы өте нашар болғандықтан парафин деген өте көп. Су қатқан жоқ, жанармай қатып жатты ғой. Жолда қаншама тұрдық.

Бір ғана Рысқұлов даңғылының бойында 30-ға жуық жанар-жағармай құю бекеті бар. Алайда, дизель тапшы. Ол не талонмен немесе арнайы картамен өте аз мөлшерде ғана беріледі. Іздеп жүріп тапсаңыз да, литрі 285 теңдеген төменіне сирек жолығасыз. Оған да ұзын сонар кезек бар.

Станислав Ярошенко, тасымалдау компаниясының басшысы: - Жанармай қымбаттаса, тауарды тасымалдау бағасы да өседі. Себебі жүк көліктерінің жол шығынына жұмсалатын ақшаның 30-50 проценті жанармайға кетеді. Ол нарықтағы өзге де өнім мен қызмет түрлерінің құнына әсер етпей қоймайды. Бұған қоса сапасыз дизель автокөлік қозғалтқышының мерзімінен бұрын бұзылуына әкеледі. Оны жөндеу үшін көлік иесі тағы шығынданады.

Алда қыс келе жатыр. Сондықтан жауапты мекемелер сапа мен баға мәселесін ертерек реттесе дейді жүк тасушылар. Жалпы отын сапасын бақылау жанармайды көтерме және бөлшек сатумен айналысатындардың жауапкершілігіне тиесілі. Сондықтан жанармай құйған соң түбіртек алуды ұмытпаған абзал. Егер сапасыз солярканың кесірінен көлігіңізге зиян тисе, арыздануға қажет болады.