Алматыда ДИМАШТЫҢ муралы қайта қалпына келтірілді

Алматыда ДИМАШТЫҢ муралы қайта қалпына келтірілді
Сурет: Nege.kz

Алматыда қамқор азаматтардың бастамашыл тобының қатысуымен Димаш Құдайбергеннің қабырға суретін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.

2020 жылы Алматыдағы Сейфуллин мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы үйге Димаштың жанкүйерлері оның құрметіне қабырға суретін – муралын салған болатын. Муралды алматылық суретші Батыр Сәдуақасов салды.

Үш жыл бойы қала тұрғындары әлемге әйгілі қазақ баласының бейнесіне тамсанып келген. Алайда соңғы уақытта сурет көмескі тартып, тіпті бүлінуге айналған.

Өткен сенбіде Димаштың муралының маңына адам көп жиналды. Бастамашыл топ, Димаштың фанаттары мен қала халқының көз алдында суретшілер муралды қайта өңдеуді Димаштың әдемі әнімен бастады.

Суретші Б.Сәдуақасов.

«Жоба үлкен қиындықпен жасалды. Ресми органдардан рұқсат алу мен қаржы табу біраз қолбайлау болды. Бұдан бөлек, бояуға, роликтерге, мұнараны жалға алуға, проекторға ақша керек. Алматылық кәсіпкерлердің бірі бастаманы қолдап, әлемнің 65 еліне белгілі қабырға суретін жасауға демеушілік етті. Ең бастысы, Алматы Димаштың суреті салынған алғашқы қала болды. Өткен жылдың күзінде әкімдік мурал салынған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді, оның барысында қабырға жабыны айтарлықтай бүлінген», – дейді қабырға суретін жасауға бастамашы болғандардың бірі Ерлан Ибрагим.

Қалалықтардың бастамашыл тобы муралды қалпына келтіруге қаражат жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қала әкімдігінің келісімін алды.

Осыған дейін Алматы қаласында Қабанбай батыр мен Сәкен Сейфуллин көшелері қиылысында мурал салынғанын Димаш Құдайбергеннің өзі де Instagram парақшасында жазған.

«Жерлестердің сыйлығын көргенде жүрегіме жылулық орнап, іштей рахметімді айтқан болатынмын. Алайда Димаш Қонаевтай ұлы тұлғаларымыз тұрғанда жас буын өкілі өзінің алып суреті жайлы жар салғаны ұят болар дедім де, үндемедім. Қазіргі таңда осынша қиын жұмысқа еңбек еткен азаматтарға алғыс айтуды жөн көріп отырмын»,– деп жазды ол.

Сондай-ақ Димаш суретшілерге де былай деп алғыс айтты:«Қадірлі суретшілер, қолдарыңыз дерт көрмесін, туындыларыңыз жер шарын шарлап, қазақтың атын биікке көтерсін. Және барша қолдаушыларыма шын жүректен алғыс білдіремін. Көп рақмет!»

Мурал салу бастамасын қолдағандардың бірі – бронды көлік шығаратын «ҚазаҚстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының негізін қалаушы, Экономикалық Ұлтшылдық қозғалысының лидері Айбек Барысыов.

Мәжіліс депутаттығына кандидат А.Барысов:«Біздің Димаш Құдайберген – қазақ халқының, барша еліміздің мақтанышы. Ол Қазақстанның символына айналды. Димаш арқылы қазір елімізді бүкіл әлем біледі. Сондықтан мұндай муралдар – оның шығармашылығын насихаттау, өнерін бағалау жолындағы аз ғана үлесіміз», – деді.

Димаштың жанкүйерлерінің бірі, 72 жастағы Астерхан Сәрсенбаеваның қуанышында шек жоқ.

Димаштың жанкүйері А.Сәрсенбаева.

«Димаштың концерті қай жерде өтсе де, баруға тырысамын. Астанадағы, Дубайдағы концерттерінде болдым. Димаш мен үшін аса қымбат жан, ол қазақтың әндерін әлемдік сахнаға алып шықты. Сүйікті әншіміздің муралын қайта жасауға қол ұшын созған Ерлан Ибрагимге, Айбек Барысовқа, Эмине Қожамұратоваға алғысым шексіз», – деді А.Сәрсенбаева.