Алматыда «Creativе Jastar» жобасы қолға алынды

Алматыда «Creativе Jastar» жобасы қолға алынды
Cурет: коворкинг орталығы

Экономиканы дамытуға бағытталған 500 жобаның ішінен 25 үздік жоба ұсынылды

Алматыдағы «Jas Otan» коворкинг орталығында Creative Jastar жобасы аясында «Үздік инновациялық стартаптар» байқауына қатысушылардың мәслихат депутатымен кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сондай-ақ жиын барысында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесу болып, макеттер көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан жастары фракциясы» ҚҚ мен «Jas Otan» Жастар қанаты бірлесіп ұйымдастыруымен және  Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «CREATIVЕ JASTAR» жобасы қолға алынды.

 «Үздік инновациялық стартаптар» конкурсына қатысушылар жобаларының көрмесі «Jas Otan» коворкинг орталығында өтті.  «Нұр Отан»  партиясынының  Алматы қалалық  мәслихат депутаты  Қайрат  Құдайберген және Алматы қаласы  кәсіпкерлер  палатасының Алмалы аудандық филиалының директоры  Мадиев Темірлан Халелұлы, сондай-ақ  кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы  Өмірбай Абзал Ғалымұлы конкурсқа қатысушылардың жобаларымен танысты. 

Іріктеудің бірнеше кезеңінен өткен үздік 25 қатысушы қазылар алқасы, сарапшылар және демеушілер алдында 12 номинация бойынша өз жобаларын қорғады. 

Іс-шара барысында жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ еліміздің креативті экономикасын дамытуға бағытталған 500 жобаның ішінен 25 үздік жоба ұсынылды. 

Стоматологиялық және медициналық тренажерлар өндірісі бойынша жобалар, қаладағы экологиялық жағдайға қарсы күрес бойынша жобалар, инновациялық ақылды үй жүйесі, бөлмедегі ауаны тазартуға арналған бризер өндірісі, алдағы іс-шаралар туралы ақпараттандыру үшін мобильді қосымша әзірлеу, ерекше адамдарға арналған орталық құру , елде туризмді дамыту бойынша жобалар ұсынылды.

Бұдан басқа, көрмеге әлеуетті инвесторлар мен демеушілер өздерінің стартап жобаларын одан әрі іске асыру мақсатында қатысты.