Алматыда бір тәулікте 5 042 адам екпе салдырды

Алматыда бір тәулікте 5 042 адам екпе салдырды
Сурет: Inbusiness.kz

Қалада 211 екпе салу пункті жұмыс істеп тұр. 1 257 адамнан тұратын 304 егу бригадасы бар.

Алматы қаласында бір тәулікте 5 042 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, 21 маусым күні 5 042 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 21 маусым аралығында қалада барлығы 380 382 адамға екпе салынды. Қалада 211 пункт жұмыс істеп тұр. 1 257 адамнан тұратын 304 егу бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды.

«Қазіргі медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

«Қала бойынша вакцинаның қалдығы – бірінші компоненттің 69 168 дозасы және екінші компоненттің 101 736 дозасы бар», - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.