Алматыда бүгін Жәутіков олимпиадасы басталады

Алматыда бүгін Жәутіков олимпиадасы басталады
Сурет: Ашық дереккөз

Олимпиадаға 25 елдің оқушылары қатысады

1 ақпан күні Алматыда ХІХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталады. Оған әлемнің 25 елінен 1200-ден астам оқушы қатысады. Almaty-akshamy.kz бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алыс және жақын шет мемлекеттерден келген 281 команда үш пән – математика, физика және информатика бойынша білімдерін сынайды. Зияткерлік сайыста еліміздің намысын 250-ге жуық оқушыдан жасақталған 35 команда қорғайтын болады.

Айта кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасына физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептердің оқушылары қатысады. Олимпиада қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сондай-ақ мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі жасалатын болады.

«Халықаралық қазылар алқасының құрамына ТМД-ның ең мықты техникалық университеттерінің өкілдері кіреді. Жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

Олимпиада 1-10 ақпан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтеді. Сайыс қорытындысы 10 ақпанға жоспарланған», - делінген Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.