Алматыда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Алматыда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
Сурет: Almaty.tv

Республика сарайында өткен шараға 40-тан астам жұмыс беруші қатысты

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Республика сарайында өткен шараға 40-тан астам жұмыс беруші қатысты.

24 жастағы Қанағат Тасқараев – орта білімді заңгер. Мамандық бойынша 3 жыл оқыған. Тек содан бері өзіне лайықты, тұрақты жұмыс таппай келеді. Бос орындарда көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Көтеріліп-шығу былай тұрсын, қарапайым қажеттілік дәретхана да қарастырылмаған.

«Ватсап, әлеуметтік мессенджерлерден «жәрмеңке болады» деп оқып, мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Жұмыс іздеп келдім. Жылдың аяғы болса да, жұмыс табылса деген ниет қой», – деді қала тұрғыны Қанағат Тасқараев.

Жұмыс жәрмеңкесінде қонақ үй, жанармай бекеттері, бюджеттік мекемелер, банктер жұмыс орынын ұсынды. Жалпы іс-шарада 150-ге жуық бос жұмыс орны таңдауға берілді. Ал ұсынылған орташа жалақы - 150 мың теңге көлемінде.

«Жұмыс берушілер мүдделі болып отыр. Олай дейтін себебіміз, қоладаныстағы заңнамаға сәйкес, жалпы штаттың 2 пайызынан 4 пайызына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс жасау керек. Бүгін өздері ынта-ниетін білдіріп, жұмыс берушілер келіп жатыр. Кассир, колл-орталық операторы, сондай-ақ ыдыс жуушы сияқты жұмыс түрлерін ұсынып жатыр», – деді Медеу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Аралбаев.

Медеу ауданында 3 мыңнан аса мүгедек жан тұрады. Соның 70 пайызы жұмыс істеуге қабілетті. Оларды жұмысқа орналастыру - қала әкімдігінің басты міндеті. Ал әрбір өткен жәрмеңкеде шамамен 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі жан екі қолға бір күрек тауып келеді.