Алматыда биыл жеміс-жидектердің жаңа сорттары шығарылды

Алматыда биыл жеміс-жидектердің жаңа сорттары шығарылды
Сурет: The Qazaq Times

Енді күзде ғалымдар оны шаруа қожалықтарына беріп, өндіріске енгізбек. 

Биыл Алматыда жеміс-жидектердің жаңа 5 сорты шығарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Бұл жаңалықты Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары бөлісті.

Игі бастаманың арқасында өнімнің түсімі 2 есеге артпақ. Алайда салада түйткілдер де аз емес. Сапасы жоғары, төзімділігі мықты, дәмі тіл үйіретін жемістерді шығару үшін 20 жылға жуық уақыт кетеді екен.

Бүгінде еліміздің мемлекеттік тізбесіне 202 жеміс дақыл мен жүзім сорты енгізілген. Мамандардың айтуынша, 1937 жылдан бері көп түрі ескірген. Бірақ соңғы 30 жылда институт қызметкерлері 150-ден аса алма, 50-ден аса алмұрт, 80-нен аса жүзім түрін шығарыпты. Қазір қорда 2 мыңға жуық жаңа сорт бар. Ал биыл өндіріске енгізілетін жеміс-жидектің 5 түрі шаруа қожалықтарының 1 гектар аумағында 45 тоннаға жуық өнім бермек. Бұрын көрсеткіш әлдеқайда төмен еді.

«Қазір ғалымдармен бірлесіп, зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Мәселен, биыл бақша құлпынайы мен қарабүлдіргеннің вирустан тазартылған жаңа сортын тамызда отырғызамыз. Алайда бұл өнім тауар ретінде сатылымға шығарылмайды. Ол жидектің сапасы жоғары генетикалық түрі ретінде сақталады. Тек үшінші мәрте репродукцияланғаннан кейін ғана өнім беруге дайын болады», – деді «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС зертхана меңгерушісі Светлана Долгих.

Алма, алмұрт, алхоры, сарыөрік, құлпынай, қарабүлдірген, таңқурай. Бұл жеміс-жидектердің жаңа сорты жақсы өнім беруі үшін шаруа қожалықтарының да дұрыс күтімі қажет дейді мамандар. Алайда сорт түрлерін зертханада шығару қажырлы 20 жылдық еңбекті талап етеді. Кейін дайын өнімнің құжаты жасалады. Қазақша атау алуы да дәстүрге айналыпты.

«Сорттарға қазақша ат береміз. Көбінесе көп жылдан бері еңбегі сіңген селекционер мен ғалымдардың атымен де атаймыз. Мысалы «Людмила» сорты біздің институтта талай жыл істеген селекционердің атына қойылған. «Мақсат», «Күләш», «Есин» деген өзіміздің жергілікті жердің атына сай, сонымен қатар өзінің еліне сай қою керек», – деді "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаева.

"Жаңа сорттардың тағы бір ерекшелігі – түрлі аурулар мен зиянкестерге төзімді келеді. Мәселен, алмұрт бактериялық күйікке көп шалдығады. Бұл елде алмұрт алқаптарын жоғалтуға дейін апарады", - дейді қызметкерлер. Сондықтан аталған жеміс түрінің сапасы жақсартылып жатыр. Ал алманың 8 сорты халық арасында жоғары сұранысқа ие.

Алайда мамандар ауыл шаруашылығы саласында бірқатар түйткілдің бар екенін де жасырмайды. Маман тапшылығы мен қаржы мәселесі қол байлап тұр. Сондықтан отандық көшеттерге субсидия көлемі артса деген тілек білдірді.

«Кадр жоқ біздің мамандық бойынша. Екіншіден, көшет өндірушілер аз. Көшет өндірушілерге көшет алуға сұраныс аз. Неге? Өйткені бәрі шетелден әкелуге тырысады. Ол көшет өндірушілердің шетелден ешқандай кемшілігі жоқ. Сондай көшетті мыңдаған дана  өсіре алады», – деді Сәуле Қазыбаева.

Бүгінде институт қызметкерлері жаңа сорттарды шығарып қана қоймай, оларды әлем елдеріне кеңінен таныстырып келеді. Ал келесі жылы 100-ден аса комбинация жасалған таңқурай жидегінің жаңа түрін мемлекеттік сорт сынаққа беруді жоспарлап отыр.