Алматыда биіктіктен құлай жаздаған баланы құтқарған студент марапатталды

Алматыда биіктіктен құлай жаздаған баланы құтқарған студент марапатталды
Сурет: Алматы қалалық ТЖД

Оған «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі табысталды.

Алматыда биіктіктен құлай жаздаған баланы құтқарған студент марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, министр Юрий Ильиннің бұйрығы бойынша Алматыда Абай атындағы педагогикалық университеттің дене шынықтыру факультетінің 18 жастағы студенті Ерасыл Махмұд марапатталған. Ол баланы аман алып қалғаны үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

«Алматыда салтанатты түрде ұжымның қатысуымен министрдің атынан марапатты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев табыс етті. Руслан Қасыбаев Ерасылдың ата-анасына ұлына лайықты тәрбие бергені үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанда осындай балалар барда аға буын еліміздің болашағына сенімді бола алатынын айтты», - деді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері.

21 шілде күні Махмұд Ерасыл көп қабатты үйдің жетінші қабатындағы баспалдақтың қоршауында қысылып қалған баланы ұстап, аман алып қалған.