Бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануы үшін құжат жинаудың қажеті жоқ

Бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануы үшін құжат жинаудың қажеті жоқ
Сурет: Arainfo.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы мектептерінде балаларды тегін тамақтандыру үшін бастауыш сынып ата-аналары бірқатар құжат жинауы керек деген ақпарат тарап жатыр.

Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Тегін тамаққа қатысты тарап жатқан ақпаратта ата-анадан мектеп директорының атына өтініш, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, ата-анасының неке туралы куәлігі, ата-анасының жұмыс орнынан анықтама (соңғы 6 жылдағы табысы) талап етілетіні айтылған. Егер жалғыз басты ана болса, ХҚО-дан анықтама керек. Жалпы 15 түрлі құжат.

Қалалық білім басқармасы 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушыларының барлығы әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін, бұл үшін ешқандай құжат талап етілмейтінін атап өтті.

«ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы қаулысына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 5-11 сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады», - деп хабарлады басқармадан.

Сондай-ақ, білім басқармасы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтын айтты.