Алматыда баласымен бірге ұрлық жасаған келіншек ұсталды

Алматыда баласымен бірге ұрлық жасаған келіншек ұсталды
Сурет: Gazeta.ru

Ол Алматыда бірнеше рет қылмыс жасаған Жамбыл облысының 25 жастағы тұрғыны болып шықты.

Алматы қаласында қызымен бірге балалар арбасын ұрлап жүрген жас келіншек ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаменті бейнебақылау камераларына жазылған видеоны жариялады.

Онда хиджаб киген жас келіншек қызымен бірге лифтке кіріп келеді. Баласы да орамал таққан.

Келесі кадрда жалғыз өзі балалардың арбасын иығына асып, шығып барады.

Полиция арба ұрлап жүрген келіншекті ұстады. Ол Жамбыл облысының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Алматыда бірнеше рет қылмыс жасаған. Ол тұрғын үйлердің кіреберісінде тұрған балалар арбасы мен сәбилерге арналған велосипедтерді ұрлағаны үшін айыпталып отыр.

«Ол әйел бейнебақылау камераларынан, сондай-ақ, көзінше бірнеше рет қылмыс жасаған кішкентай қызынан да ұялмады. Қазір А.есімді азаматшаның бөтеннің мүлкін ұрлаудың 8 дерегіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Қылмыстық эпизодтардың тізімі мұнымен бітпеуі де мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-бөлігі (Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.