Алматыда балалар мен жасөспірімдер арасында жекпе-жек түрлерінен фестиваль өтті

Алматыда балалар мен жасөспірімдер арасында жекпе-жек түрлерінен фестиваль өтті
Cурет: Қайрат ҚОНЫСБАЕВ

Сайыс Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды

Фестиваль  қалалық «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өткізілді және оған жеті мен 17 жас аралығында мыңдаған жас спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Олардың барлығы әуесқой жекпе-жекпен айналысады.  Фестиваль барысында каратэ-до шотокан, пенчак силат, қоян-қолтық ұрыс, муайтай және джиу-джитсу фул контакт түрлерінен жарыстар өткізілді. Сайысқа қалалық спорт клубтарының 7-17 жасқа дейінгі 1500-ге жуық спортшы қатысты.

«Біз жас спортшылардың күшін тек жаттығу залында ғана  емес, осындай үлкен сайыста тексеруді жөн көрдік»,-дейді «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының жетекшісі Ержан Мухаманов.

Сонымен қатар ол мұндай турнирлер балалар мен жасөспірімдердің мінезін қалыптастырып, алдына мақсат қоюға көмектесетінін жеткізді. Оған қоса жастардың спорт шеберлігін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттай түседі.

Е. Мухаманов аталған шараның Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілгенін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің арқасында біз дүниежүзілік спорт кеңістігіне шыға алдық, жетекші спорттық технология мен оқыту бағдарламаларымен таныстық. Оның барлығы дене тәрбиесі мен спортты дамытуға өз септігін тигізіп жатыр»,-деді ол.

Сөз арасында ол Алматы әкімдігі тарапынан спортты дамыту жұмыстары көптеп жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Біз өткізген жекпе-жек фестивалі көптеген шараның бірі ғана. Жыл басынан бері «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында көптеген спорттық шара өтті. Жоба бағдарламасында – велошеру, тауға өрмелеу, мектептік спорттық бұқаралық шаралар бар»,-деп қорытындылады Ержан Мухаманов.

Спорттық іс-шараны Алматы қаласының спорт басқармасы Алматы қаласының жауынгерлік өнер ассоциациясының қолдауымен өткізді.