Алматыда балабақша кезегінде 43 мыңнан астам бүлдіршін тұр

Алматыда балабақша кезегінде 43 мыңнан астам бүлдіршін тұр
Сурет: Balazhan.com.kz

Мегаполисте 910 мектепке дейінгі ұйым бар. 

Алматы балабақшаларында орын тапшы. Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім мекемесінің кезегінде 42 460 бала тұр. Бұл туралы брифинг барысында қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спикердің сөзінше, мегаполисте 910 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 193-і - мемлекеттік болса, қалған 717-і - жекеменшік балабақша.

«Қалада мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі проблема - балабақашалардағы орын тапшылығы. Қазір 42 460 бала кезекте тұр. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 71,9%, 3-6 жас аралығындағы балаларды оқытумен қамту - 92,9%»,- деді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қаржы бөлініп отыр.

«610 жекеменшік балабақшада 38 968 орын орналастырылған. Әр балаға мемлекеттін 41197 теңге бөлініп отыр»,- деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, ол «Жас қанат» шағынауданда 280 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

«Алматыда 2023 жылы мемлекеттік 720 орындық 3 балабақша, 2024 жылы 5 балабақша, 2025 жылы 2 мектепке дейінгі білім мекемесінің салу жоспарды»,- деді Әлия Сағиева.