Алматыда бақылаушылар референдумға дайындықты бастады

Алматыда бақылаушылар референдумға дайындықты бастады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бейсенбі, 26 мамырда, independ.kz алаңында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің брифингі өтті.

Журналистермен кездесу тақырыбы 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум туралы болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қоғамдық бірлестік өкілдері өз ұйымының референдум барысын қадағалайтын штаб құратынын хабарлады.

Штаб басшысы Ботагөз Құдышева, Әуезов ауданы бойынша үйлестіруші Жанна Мұқатаева, Алмалы ауданы бойынша үйлестіруші Жасұлан Тәжібаев бұл жұмыстардың қалай жүзеге асатынын айтты.

Ботагөз Құдышева атап өткендей, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҮЕҰ халықтың еркін пікір білдіру мүмкіндігі ретінде референдум өткізуді қолдайды. Бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматын Жаңа Қазақстанды тең мүмкіндіктер қоғамы, әлеуметтік әділеттілік және әрбір адамның әл-ауқаты қоғамы ретінде құру идеясы қуантады.

Қоғамдық бірлестік белсенділері атынан Ботагөз Құдышева Жаңа Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар басты рөл атқаратынына сенім білдірді.

Жанна Мұқатаева қоғамдық бірлестіктің волонтерлері әрқашан елдегі қоғамдық үдерістердің бел ортасында болуға, мемлекеттік құрылымдардың жұмысын қадағалап отыруға ұмтылатынына назар аудартты.

«Азаматтық бастамалар орталығы» құрамына тұрақты негізде еріктілерді қабылдап отырады.

Спикер 4-6 маусым аралығында мына мекенжайда: Марков көшесі, 46 үйдің (Ғабдуллин көшесінің қиылысы), 4-қабатында ("Көктем" шағынауданы) ұйымның штабы жұмыс істейтінін хабарлады.

Журналистермен кездесуді аяқтаған Жасұлан Тәжібаев «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық ұйымының атынан барша азаматтарды референдумда дауыс беруге, сол арқылы Жаңа Қазақстанның құрылуына үлес қосуға шақырды.