Алматыда ағаш отырғызу науқаны жүріп жатыр

Алматыда ағаш отырғызу науқаны жүріп жатыр
Cурет: Baq.kz

Биыл қалада 350 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған

Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған игілікті іске қала тұрғындары мен жекелеген компаниялар да атсалысуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Медеу ауданындағы жаңадан салынған жол айрықтың ортасына 50 түп ағашты Қазақстан қор биржасының ұжымы отырғызды. Бұл ең алдымен көпке үлгі болатын, қала экологиясын жақсартуға арналған сауапты іс.    

«Бұл қала әкімдігінің игілікті бастамасы. Бұған барлық компанияларды қатысуға шақырамыз. Бүгін жаңа жол айрық бойында 50 түп катальпа ағашын ектік. Қаланың өзге де аудандарына  көшет отырғызамыз. Экологияны жақсартып, көріктендіруге бойынша өз жобаларымызда да жүзеге асырамыз»,-дейді Қазақстан қор биржасы басқарма басшысының орынбасары Андрей Цалюк.

Әуезов ауданында жалғасқан науқанға қала тұрғындары белсенді қатысты. Мұнда аққайың мен қараған көшеттері егілді. Шараға қатысқан барлық тұрғынға ағаш күтімі жөнінде мәлімет жазылған  ақпараттық парақшалар таратылды. 

«Әлеуметтік желіде осы жасыл экономика басқармасының акцияларын көріп, өтініш жіберген болатынбыз. Осы өтінішімізді қабылдап, ауламызға 49 ағаш көшетін берді. Міне, бүгін көршілерімізбен шығып, ауламызға ағаштарды отырғызып жатырмыз. Үлкен рахмет!»,-дейді қала тұрғыны Гүлмира Мұхаманова.

Біз қалада ағаш егу науқаны болатыны жөнінде алдын-ала хабарлағанымызда тұрғындардан өте көп өтініш түсті. Әр өтініш бойынша көшет егілетін аймақтарды көріп, таңдау жасадық. Шараның мақсаты да бұл іске тұрғындарды тарту болатын. Ал егілген көшет күтімін, жайқалып өсуін тұрғындар қадағалайтын болады. Бұл айда қала аумағында екі мыңға жуық түрлі ағаш егіледі»,-дейді Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Левинская.

 Сондай-ақ емен, терек, шаған ағаштарының жас талдары Саялы мен Шұғыла ықшамаудандарына да отырғызылды. Биыл қалада 350 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 64 мыңы көктемде егілген.