Алматыда автокөлік шығаратын зауыт салынады

Алматыда автокөлік шығаратын зауыт салынады
Сурет: Egemen.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде Orbis Manufacturing компаниясы (Orbis Kazakhstan еншілес кәсіпорны) мен EXEED International компаниясы арасында лицензиялық келісімге қол қойылды.

Келісім Orbis Manufacturing компаниясына Қазақстан Республикасында қытайлық  EXEED премиалды брендіндегі автокөліктерді шығару құқығын қарастырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Orbis Kazakhstan» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов пен EXEED International бас директоры Чин Чао технологиялар туралы келісімге қол қойды.
 
Алматының Индустриалды аймағында жаңа зауыт кешені салынады. Өндірістік қуаты жылына 80 мың көлік шығаратын кәсіпорынның құрылысы 2023 жылы басталады. Кәсіпорын EXEED озық технологиялары мен заманауи технологиялық жабдықтардың пайдалана отырып, Қытай автомобиль өнеркәсібі көшбасшыларының стандарттары бойынша салынады. Жобаға салынатын инвестициялар 72 млрд теңгені құрайды. Бірінші кезеңде зауыт кешені халықты 1500 жаңа жұмыс орнымен қамтамассыз етуге мүмкіндік береді.
Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудовтың мәлімдеуінше, бұл келісім Orbis Kazakhstan компаниялар тобының дамуындағы маңызды кезең болды.
«Біз үшін бұл компания қызметінің жаңа кезеңі, сонымен қатар EXEED International компаниясымен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екеніміздің көрсеткіші. Елдегі тартымды инвестициялық бизнес-климат, сондай-ақ жергілікті өндірістерге мемлекеттік қолдау көрсету және саладағы мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы біз үшін маңызды фактор екенін атап өтемін. Біз Қытайдың автокөлік өнеркәсібі көшбасшыларының стандарттары бойынша жоғары технологиялық өндіріске инвестиция жасаймыз. Ол заманауи технологиялар трансфертіне, салық төлемдерінің өсуіне, сондай-ақ жалақысы жоғары жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Біздің жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға септігін тигізетініне сенімдіміз», - деді Ф.Махмудов.
Бірінші кезеңде қазақстандық кәсіпорын EXEED маркалы автокөліктердің үш үлгісін шығарады, кейіннен брендтің үлгілер желісін кеңейтеді. Атап айтқанда, толық габаритті VX жол талғамайтын көлігінің, TXL орта өлшемді кроссоверінің және LX ықшам кроссоверінің шанағын дәнекерлеу және бояумен бірге толық циклді өндіріс (CKD) іске қосылады.
 
Қазіргі таңда Orbis Kazakhstan-ның еншілес кәсіпорны, Orbis Auto автокөлік тобы Қазақстанда EXEED дилерлік желісін дамытуда. Бұл желі арқылы шығарылған көліктерді сату жолға қойылады. 2025 жылы жаңа кәсіпорынның конвейерінен Қазақстанда жасалған тұңғыш EXEED автокөлігі шығарылатыны айтылды.