Алматыда астана күні қалай тойлануда?

Алматыда астана күні қалай тойлануда?
Сурет: Vecher.kz

Қаламыздың барлық аудандарында мерекелік шаралар өткізілуде

Алматының барлық аудандарында мерекелік концерттер өтуде. Елорданы туған күнімен ең бірінші болып балалар құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Орталық мәдениет және демалыс паркінде шығармашылық ұжымдардың үлкен концерті өтті. Аспан астындағы ашық сахнада жас өнерпаздар қазақша, орысша, ағылшынша әндер шырқап, ұлттық аспаптарда ойнады, би биледі. 

Медеу ауданының белсенді зейнеткерлері айтулы мерекені ұмытқан жоқ. Балалар сахнада өнер көрсетсе, үлкендер жағы жас өнерпаздарды қолдап, бірге ән салып, би биледі.

«Біздің ауданда  28 мың зейнеткер тұрады, бәрі шетінен белсенді, мұндай шараларды жібермейді.  Осындай мерекелерді қуана тойлаймыз. Мысалы, кеше Орталық мемлекеттік музейде болдық. Бұдан бөлек, өз бетімізше оқуды да ұмытпаймыз. Түрлі тілдерді меңгеріп, компьютер курстарына барамыз, жаңа технологияларды игеруге тырысамыз», – деді Медеу ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Дина Байсеиіт.

Ауданда тоғыз Ұлы отан соғысы ардагері тұрады. Барлығының жағдайы жақсы, бірақ концерттерге қатыса алмайды.  Жасы тоқсанды еңсерген оларға бұл қиынға соғатыны анық. Ал соғыс ардагеріне теңестірілген  Рахымжан Нуптекеев концертке міндетті түрде қатысты.

«Астана күні – үлкен мейрам. Барлығымыз Нұр-Сұлтан қаласын жақсы көреміз, бірнеше мәрте елордада болғанбыз. Осынау айтулы мейрамда баршаға ашық аспан, мол жақсылық тілеймін», – деді алматылық ардагер.

Мейрамды тойлауға келген балалар концерт тамашалап қана қоймай, асфальтте сурет салу конкурстарына да қатысты.