Алматыда Ashyq жобасына қатысушылар саны 1700-ге жетті

Алматыда Ashyq жобасына қатысушылар саны 1700-ге жетті
Сурет: Gov.kz

Қаламызда Ashyq жобасының іске асырылу көрсеткіші қандай деңгейде?

Бұл туралы бүгін Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сәуір айының соңында Ashyq жүйесін қолданатын 367 кәсіпкер болса, қазір олардың саны 1700-ге жетті.

Жобаға қатысушылар тізімінде 128 фитнес-орталық, 40 СПА-салон, 38 бассейн, 5 боулинг-клуб, 18 бильярд, 110 компьютерлік клуб, 110 монша, 1096 қоғамдық тамақтану нысаны, 33 караоке, 19 кинотеатр, театрлар мен концерт залдары бар.

Тестілік режимде 232 бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жобаға ерікті түрде 44 нысан қатысады және 3-еуі қосылғысы келеді.

«Жоба Kaspi.kz-пен бірікті, енді сіз мәртебеңізді банк қосымшасында біле аласыз. Сондай-ақ келесі кезеңде сервисті Egov Mobile мен Halyk bank-те жариялау жоспарланды. Алдағы уақытта қамтылатын қызмет саласы туралы айтатын болсақ, бұл барлық әуежайлар, теміржол вокзалдары, фудкорт, ЖОО мен басқалары», - деді Айтуар Қошмамбетов.