Жол жөндеу жұмыстары қаланың барлық ауданында жүріп жатыр

Жол жөндеу жұмыстары қаланың барлық ауданында жүріп жатыр
Сурет: Ашық дереккөз

Алматыда асфальтбетон қоспасын пайдаланып жолдарды жамау мерзімінен бұрын басталады

Қала тұрғындарының жол қауіпсіздігі жөніндегі өтінішіне орай, Алматы әкімдігі асфальтбетон зауытының жұмысын мерзімінен бұрын іске қосуға мұрындық болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық мобильділік  басқармасы, «Асфальтбетон-1» зауыты мен жолдарды жөндеуге маманданған компаниялар өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.  Құжатқа сәйкес, асфальтбетон зауыты жыл сайын жүргізілетін жоспарлы профилактикалық жұмыстан кейін бірден іске кірісті. 

Ақаулардың анықталғанына қарай жөндеу жұмыстары қаланың барлық ауданында жүргізіледі. Шұңқырлар (жолдарға толыққанды орташа жөндеу жүргізілгенге дейінгі уақытша шара) магистральдарда да, аудандық маңызы бар көшелерде де жөндеуден өтеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы жұмыстарға 5 компания кіріседі. 

Жыл сайынғы негізгі жол-жөндеу жұмыстары қолайлы ауа райында (көктемнің аяғы мен жаздың басынан бастап) басталады. 

2023 жылы ұзындығы 200 км болатын 220 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. 180 мың шаршы метрден астам жол ағымдағы жөндеуден өтеді.