Алматыда апатты жағдайда тұрған жеделсатылар толығымен жойылды

Алматыда апатты жағдайда тұрған жеделсатылар толығымен жойылды
Сурет: Almaty.tv

Тұрғындар енді жаңа әрі соңғы технологиядағы кабиналарды қолданады

Алматыда апатты жағдайда тұрған жеделсатылар толығымен жойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, 25 жылдан аса уақыт қызмет көрсеткен лифтінің барлығы жаңасына ауыстырылған. Мұндай жаңғырту, жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатыр. Бұдан былай Алматыдағы көп қабатты үйлерде ескі жеделсатылар болмайды. Тұрғындар енді жаңа әрі соңғы технологиядағы кабиналарды қолданады.

«Биыл бағдарлама бойынша Алматыда 352 лифт 169 үйде ауысуы керек. Қазір соның 100 пайызын орындадық. Сондай-ақ бізде модернизациялауға жататын 130 үйдің 76-сы орындалды. Енді 54 үй қалды, оны жыл соңына дейін атқарамыз», – деді коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы.

Жалпы, 5 жылдан бері жыл сайын 300-ден аса жеделсаты ауыстырылып тұрған. Енді жаңарту жұмыстарының есебінен келер жылдан бастап 50-60 лифт қайта жасақталып отырады. Тұрғындар үшін лифтілерді бірнеше өндірушіден таңдап алуға мүмкіндік жасалған. Бастысы сапасы мықты, 25 жылға дейін қызмет көрсетсе болғаны. Ал ауыстыруға кететін қаржы 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бөлініп, коммуналдық төлемдерге қосылып отырады.

«Кететін шығындар есептеліп, шамамен 8 миллон теңге шықты. Басында соманы естіген тұрғындар үрейленіп еді. Кейіннен қаржыны 15 жылға бөлгенде, қалтаны қақпайтыны қуантты. Мәселен, 4 бөлмелі пәтер иелері 3 мың теңге төлейді», – деді МИБ төрағасы Ольга Лапина.

Бұдан бөлек модернизациялау бағдарламасы аясында үйге күрделі жөндеу жүргізу жолы қарастырылған. Ол үшін пәтер иелерінің жартысынан көбі өз келісімін беріп, өтініш жазуы тиіс.

«Жазда біз үйдің шатырларын жасаймыз. Ал қазіргідей уақытта ішкі жұмыстарын реттейміз. Яғни инженерлік желілерін, подъездердегі электр сымдарын ауыстырамыз», – деді коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин.

Биыл қалада 130 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Ал құрылысқа кететін қаржы коммуналдық төлемдер арқылы мемлекетке біртіндеп қайтатын болады.