Алматыда апатты ағаштардың қураған бұтақтарын кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Алматыда апатты ағаштардың қураған бұтақтарын кесу  жұмыстары жүргізіліп жатыр
Сурет:Arboristik.ru

Апатты ағаштар – аудандағы өткір мәселе.

Алматыда Әуезов ауданы тұрғындарының өтінішіне орай апатты ағаштарды санитарлық кесу бойынша баспасөз туры өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әуезов ауданының тұрғындары апатты ағаштарды санитарлық кесу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінді. Барлығы 247 өтініш берілді.

Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне санитарлық кесуге арналған учаскелер көрсетілді. Бұл аула ішіндегі аумақтар мен көшелер.

«Апатты ағаштар – аудандағы өткір мәселе. Әсіресе, қазір аулаларды күрделі жөндеуден өткізе бастаған кезде. Біз әкімдіктен апатты ағаштардың бұтақтарын кесуді сұрадық», - деді аудан тұрғыны Светлана Титова.

Санитарлық кесуді жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау жөніндегі мердігерлік ұйымдар жүргізеді. Әуезов ауданы әкімдігінің экология бөлімі  бақылауды жүзеге асырады. Ауданда барлығы 254 764 ағаш бар, оның 66 825-і санитарлық кесуге, ал 6287-і кесіп тастауға жатады.

«Қазіргі уақытта аулалардағы апатты ағаштардың қураған бұтақтарын санитарлық кесу  жұмыстары жүргізілуде. Ағаш кесуді бастамас бұрын, әр аулада тұрғындармен кездесу өтеді, олардың пікірлері жұмыс кезінде ескеріледі. Үй иелернің бәрін өздері жасауға қаражаттары мен мүмкіндіктері бола бермейді. Биылғы көктемде қар мен мұз еріген кезде 200-ге жуық ағаш құлағаны, соның салдарынан 17 көліктің зақымданғаны тіркелді. Апатты ағаштарды кесу жұмыстары халықтың өміріне, денсаулығына  қауып төндірудің әрі жеке мүлікке зиян келтірудің алдын алады», - деді Әуезов аудандық қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімшесінің басшысы Әлизат Сейтбаев.

Сарапшылардың айтуынша, санитарлық кесу ағаштардың пішінін жақсарту, өсімдіктердің өсуін, дамуын және оның ұзақ гүлденуін реттеу үшін жасалады.

«Кесудің 3 түрі бар: санитарлық, жасарту және қалыптау. Санитарлық кесу жыл сайын және күнтізбелік жыл ішінде жүргізілуі керек. Ол ауру, кепкен, сынған, салбырап тұрған, зақымдалған, сондай-ақ ағаштың басындағы қураған бұтақтарға жүргізіледі. Ал ағаштарды жасарту үшін кесу ағаш жыл сайынғы өсуді тоқтатқан кезде жасалады. Қалыптық кесу ағаштың жасанды пішінін жасау және сақтау үшін жүргізіледі», - деді А. Бөкейханов атындағы орман  шаруашылығы және агроорманмелиорация ҚазҒЗИ Алматы филиалының директоры Руслан Ахметов.