Алматыда «Алдар көсе» ертегісінің сахналанған балеті көрсетіледі

Алматыда «Алдар көсе» ертегісінің сахналанған балеті көрсетіледі
Сурет: Almaty-akshamy.kz

 Алдар Көсе - бұл қазақтың Робин Гуды іспеттес. Жарлыларға қол ұшын созу, сараң байларды айлакерлікпен тақырға отырғызу оның күнделікті шаруасы.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Алмабек Мейірбековтың музыкасына жазылған, балаларға арналған, қазақ ауыз әдебиеті арқылы қалың көпшілікке таныс «АЛДАР КӨСЕ» ертегісі бойынша сахналанған балеті көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында сан-түрлі бояу, қимыл мен музыка бір арнаға тоғысқан жарқын туынды көрермен қауымды ғажайыптар әлеміне жетелеп әкететіні сөзсіз: ала-құла өмір бұлтарыстарына қарамастан, үлкен жүрегі бар кішкентай Алдар жайлы баяндайтын бұл оқиға махаббат пен жанашырлықтың ғаламат күшін көрсетеді.

Театрдың сахнасында 30 жылдан астам уақыт бұрын көрнекті қазақ балетмейстері Ментай Тлеубаев қазақ композиторы Алмабек Мейірбековпен бірге «Алдар Көсе» балетін бастаған еді. Өкінішке орай, балеттің музыкасы аяқталмай қалған. Араға 30 жыл салып, аталмыш балетті көрермен назарына ұсыну көрнекті балетмейстер Ментай Тлеубаевтың ұлы әрі ізбасары,  Жапония балет театрының жетекші балет солисі, балетмейстер, Майлен Тлеубаевтың еншісіне  бұйырды.

 А.Мейірбековтың ғажап әуезді музыкасы қоюшы-режиссер Майлен Тлеубаевтың қиялындағы барлық кейіпкерлер мен сюжетін керемет суреттейді. Музыкасы жаңа қойылымның мән-мағынасының тереңдігін ашуға, кейіпкердің көңіл-күйін көрерменге жеткізуде айрықша орын алады. Жаңа қойылым музыканың алғашқы әуені естілген сәттен өзінің сұлулығымен көрермен көңілін баурап алады. Декорациялар мен костюмдер ұлттық нақышты бейнелесе, хореографиясы мен әртістердің актерлік шеберлігі ертегіні нағыз ғажайып әлемге жетелейді.

 Жаңа жыл қарсаңында өз көрермендерімізді, әсіресе, кішкентай көрермендерімізді әсерлі іс қимылдан құрылған  нағыз отбасылық спектакльге шақырамыз.