Алматыда алаяқ әйел ұсталды

Алматыда алаяқ әйел ұсталды
Сурет: Kp.kz

Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Алматыда жеті алаяқтық дерегіне қатысы бар әйел ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Наурызбай аудандық ПБ-да азаматтарды алдаудың жеті дерегі тіркелді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Ж.есімді азаматша шағын несие сайттарын пайдаланып, екінші деңгейлі банк арқылы кепілсіз несие алу бойынша өз қызметін ұсынған.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 27 жастағы әйел ұсталды. Барлық арыздар тіркелді және бір өндіріске біріктірілді. Ол бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бір қызығы, күдікті өзінің «қызметтері» үшін 100-ден 200 мың теңгеге дейін сыйақы сұраған. Ақшаны алғаннан кейін ол ұялы телефонын өшіріп тастаған, ал түскен ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған, – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

Жедел қызметкерлер алданғандардың бұдан да көп екеніне сенімді.

«Ұсталған азаматтың суретін мұқият қарап шығуларыңызды және оның әрекетінен зардап шеккендердің барлығын мына телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз: 8-707-447-07-50; 8-747-699-70-02», – деді полициядан.