Алматыда әскери нысандардың қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Алматыда әскери нысандардың қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Сурет: Gov.kz

 Мамандар пікір алмасты.

Бітімгершілік дайындық орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тыл бастығы және қару-жарақ басқармасы мен Америка Құрама Штаттары Қарулы Күштері Орталық қолбасшылығының өкілдері жұмыс бабымен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ақпарат алмасу барысында әскери нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

«Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілдері оқ-дәрілердің техникалық жай-күйін есепке алу, сақтау, бақылау және бағалауды ұйымдастыру тәжірибесін зерделеп, материалдық мүлікті сақтау объектілерін салу және техникалық күзет құралдарын қолдану мәселелері бойынша пікір алмасты», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Қарулы Күштерінде оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды, пайдалануға жарамсыз және одан әрі сақтауға қауіпті заттарды жою шараларын іске асыру жалғасуда.