Алматыда әскери қызметшілер қоғам өкілдерімен сарбаздарды тамақтандыру мәселелерін талқылады

Алматыда әскери қызметшілер қоғам өкілдерімен сарбаздарды тамақтандыру мәселелерін талқылады
Сурет: Gov.kz

Далалық жағдайда тамақ пісірудің ерекшеліктері де қарастырылды

Әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз етудің сапасын арттыру үшін Қарулы күштердің, қоғамдық ұйымдар мен әскери бөлімдерде тамақтануды ұйымдастыратын фирмалардың өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аталған шара Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасында өткен отырысқа Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов басшылық жасады.

Әскери қызметшілердің тамақтануын жақсарту мәселелерін талқылауға Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Боранбаев, сондай-ақ сарбаз аналары комитетінің өкілдері Алматы қаласынан Татьяна Тропина және Павлодар облысынан Лилия Хайрулина қатысты. Бейнеконференцбайланыс арқылы өткен дөңгелек үстел отырысына өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің және әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері қосылды.

Кеңеске қатысушылар әскери қызметшілерді тамақтандыру сапасы мен оны жақсарту мүмкіндіктерін, тамақпен қамтамасыз ету саласындағы шарттық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ сарбаз асханаларын күтіп ұстау және уақтылы қызмет көрсету мен жөндеу мәселелерін талқылады. Одан бөлек, далалық жағдайда тамақ пісірудің ерекшеліктері де қарастырылды.

Дөңгелек үстел барысында дұрыс және үйлестірімді тамақтану – әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтудың кепілі екені атап өтілді. Бұл әскери қызметшілер ғана емес, қоғам үшін де маңызды мәселе.  Осыған байланысты қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен әскери бөлімдерде тамақ әзірлеуді ұйымдастыруды бақылау, азық-түлік нормаларын әскери қызметшілерге толық жеткізу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу орынды.

Отырыс соңында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы басшылықтың әскери қызметшілерді қамтамасыз ету мәселелерінде ашықтықты, сондай-ақ әскери қызметтің сапасы мен беделін арттыруға мүдделі қоғамдық ұйымдармен әрдайым ынтымақтастық жүргізуге дайын екенін атап өтті.