Алматыда әскери байланысшылар қан тапсырды

Алматыда әскери байланысшылар қан тапсырды
Cурет: Baq.kz

Әуе қорғанысы күштері құрамындағы байланыс полкінің 80-нен аса әскери қызметшісі ауыр науқас балалар үшін 36 литр қан тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Осылайша олар «Мен – донормын» акциясына қатысты.

Процедура алдында әскери қызметшілер сауалнама толтырып, медициналық тексеруден өтті. Олардың қандағы гемоглобин деңгейін тексеріп, қан қысымы мен тамыр соғысын анықтады. 

«Мұндай акцияларға әрқашан қатысуға тырысамыз. Балалардың ауыр сырқатымен күресіп жүрген отбасыларға осылайша үміт сыйлаймыз. Бұл оларға ауруды жеңуге септігін тигізетініне сенемін», – деп атап өтті 78460 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Серік Сарабозов.

Офицерлер, сержанттар мен сарбаздар акцияға қатысуды әр уақыт парызы санап, балалардың сауығып кетуіне шын ниеттен тілектес.